Биыл 107 мың азамат колледждерде тегін білім алады

Биылғы оқу жылында алғаш рет әлеуметтік осал топ санатындағы балалардың колледждерге түсуі үшін тағы үш квота енгізілді. Квота көпбалалы, толық емес отбасынан, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасынан шыққандарға арналған. Бұрын мұндай мүмкіндік жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше қажеттіліктері бар балаларға, сонымен бірге жеңілдіктер бойынша Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға қарастырылған еді. Ауыл жастары да квота бойынша мемлекеттік тапсырысты алады, – деді техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство білім беруді ашық және қолжетімді ету үшін мемлекеттік тапсырыстарды «Ақша студенттің соңынан жүреді» қағидаты бойынша орналастырудың жаңа механизмін әзірледі.

Бұған дейін гранттарды колледждерге білім бөлімдері бөліп берсе, енді колледждер  мемлекеттік тапсырысты талапкерлердің таңдауы бойынша алады.