Сіз Samsung брендтік киімдер шығаратынын, LG вакцина, ал Lotte компаниясының курорт салғанын білдіңіз бе? Аталған алып корпорациялар бұнымен шектеліп қалған жоқ: олар жеңіл өнеркәсіптен бастап машинаға дейін шығарады. Ал, біз Samsung пен LG-ді электроника, ал Lotte-ні кондитерлік өнім шығарушылар ретінде ғана танимыз.
Samsung: кемелер мен киімдер
Samsung — кеме өндірісіндегі алып компаниялардың бірі. Ал, Galaxy тек қана смартфонның аты емес, ол сәнді киім брендінің де атауы. Корпорацияның киім шығарумен айналысатын бөлімі Samsung C&T Fashion деп аталады.
Сондай-ақ, оның Samsung Engineering деп аталатын құрылыс бөлімі де бар. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әлемдегі ең биік көп қабатты үй — Бурдж-Халифа, Тайвандағы Тайбей 101 мен Малайзиядағы Петронас мұнаралары осы компанияның құрылысымен салынған. Қазіргі уақытта олар Shell компаниясының Prelude FLNG деп аталатын ең үлкен жүзу платформасын салып жатыр. Оның ұзындығы — 488 метр, ені — 74 метр, салмағы — 600 мың тоннаға жуық.
Бұнымен қатар Samsung-те Caribbean Bay деп аталатын аквапарк пен Everland көңіл көтеру саябағы бар.
Бүгінгі таңда корпорацияның 25 еншілес компаниясы бар. Олар медицина, қаржы, ауыр өнеркәсіп, туристік бизнес, маркетингтік қызметтермен айналысады.
LG: дәрі-дәрмек пен The Face Shop
Электроника тауарлары да — LG корпорациясының жалғыз бағыты емес.
Оның құрамында косметика сататын дүкендер желісі бар. Дүкен The Face Shop деп аталады.
LG-дің қаржылай қолдау көрсетіп отыратын бейсбол мен баскетбол командалары бар. Ал, LG security деген бөлімі қауіпсіздік қызметін, LG Chem деп аталатын бөлімі 1947 жылдан бері химиялық заттардың өндірісімен айналысады. Корпорацияның LG Life Science атты тағы бір бөлімі биотехнология мен фармацевтика саласында өз орнын тапқан. LG бұнымен шектеліп қалған жоқ. Оның Қазақстанда LG Hausys деп аталатын өкілі бар. Ол — экологиялық құрылыс материалдарын шығарады.
Lotte: шопинг-молл мен көңіл көтеру саябағы
Lotte компаниясы 2014 жылы «Рахат» фабрикасын сатып алды. Ал, 2015 жылы Алматыда Angel-in-us кофеханасы ашылды. Осыдан кейін Choco Pie шоколадты печеньелері шықты. Қазақстандықтар осыдан кейін Lotte-ні тек кондитерлік компания ретінде қабылдады.
Ал, Корея мен Европа елдерінің тұрғындары Lotte-нің кинотеатр, молл, қонақ үй, қаржы компаниясы, өндірістік кәсіпорын екенін біледі. Бір сөзбен айтқанда бұл корпорацияның да бірнеше еншілес компаниялары бар. Олар басқа да жоғарыда аталған корейлік компаниялар сияқты химиялық өндіріске, инжинирингке, машина өндірісіне, IT саласына инвестиция жасап отыр.
Сондай-ақ, 1989 жылы Lotte World саябағын, 2013 жылы курортын салды.