Мәжіліс депутаты мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендетуді ұсынды

Депутат Жамбыл Ахметбеков мүгедектігі бар жандардың зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін көтерді.

Мүгедектігі бар қазақстандықтардың еңбек етуге құқығы бар және олардың кейбіреулері зейнет жасына жеткеннен кейін жұмысын жалғастырғысы келеді. Дегенмен мұндай адамдар аз. Зейнетке шығу қарсаңындағы мүгедектігі бар адамдарға жұмыс істеу денсаулығына байланысты физикалық қиындық туғызады, — деді депутат.

Жамбыл Ахметбеков мүгедектік бойынша тағайындалған жәрдемақының зейнетке шыққан кезде тоқтатылатынына қарсы. Оның айтуынша, мүгедектігі бар зейнеткерлер міндетті түрде зейнетақыны да, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да алуы тиіс.

Біздің елде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері ғана зейнетке ерте шығады. Мүгедектігі бар қазақстандықтарды зейнетақымен қамтамасыз етуде осындай тәсіл қолданылуға тиіс деп есептейміз. Біз азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылдануға тиіс шаралар мен шешімдер туралы айтқанда Үкімет әдеттегідей: «Бұл – бюджетке қосымша ауыртпалық әкеледі» деп жауап береді. Бұл тәсілге қарсы бірнеше объективті дәлел бар. Біріншіден, Қазақстанда жұмыс істейтін зейнет жасындағы мүгедектердің саны 3 мың адамнан аз. Жұмыс істейтін 50 мың мүгедектің орташа жасы 45 пен зейнет жасы аралығын құрады. Яғни олардың саны көп емес. Екіншіден, есеп комитетінің 2021 жылғы 9 айдағы аудиторлық қызметінің қорытындысы бойынша анықталған қаржы бұзушылық сомасы 384,4 миллиард теңгені құрады. Ал тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтері триллион теңгеден асқан. Қалай болғанда да, бюджет қаражаты қажетсіз шығындарға жұмсалмауы керек,- деді депутат.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып және президенттің бастамаларын қолдау мақсатында Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары:

  • үкіметке мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендетуді;
  • мүгедектердің зейнетке шығу жасын төмендетудің және айқындаудың нақты өлшемдерін (мүгедектік тобын, денсаулық жағдайын, ауруын, еңбек сипатын және т.б.) ескеріп, мүгедектердің мүддесіне сай келетін зейнетақымен қамсыздандыру тетігін әзірлеуді;
  • мүгедектер проблемасын, оның ішінде жұмыс істейтін мүгедектер жасының еңбекке қабілеттілігіне әсері туралы қажетті ғылыми зерттеу жоспарын даярлауды;
  • әзірленіп жатқан әлеуметтік кодекске мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету мәселесін енгізуді ұсынады.