Қазақстанның даму банкінің басшысы президент сынынан кейін қызметінен кетті

Жалғыз акционердің («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) 24.01.2022 жылғы шешімімен Абай Сарқұловтың «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатылды, — делінген хабарламада.

25 қаңтардан бастап Қазақстанның даму банкі басшысының міндетін атқарушы болып бұған дейін банк басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Сандуғаш Кенжебаева тағайындалды.

Еске салайық, 11 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның даму банкі санаулы тұлғаның жеке банкіне айналғанын айтты.

Абай Сарқұлов 1981 жылы 13 тамызда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 2003 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетін «Банк ісі» мамандығы бойынша үздік бітірген.

Абай Сарқұлов банктегі еңбек жолын 2007 жылғы наурызда инфрақұрылымдық жобаларды кредиттеу басқармасының менеджерінен бастап басқарма төрағасының орынбасарына дейінгі жолдан өтті.

Ол 2017 жылғы ақпан — 2019 жылғы сәуір аралығында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ атқарушы органын басқарды. Абай Сарқұлов 2019 жылғы сәуірде Қазақстанның даму банкі басқармасының төрағасы болып тағайындалып, бұрын бұл лауазымды Болат Жәмішев атқарған еді.

Даму банкінің ұжымы Абай Сарқұловқа жұмысы үшін алғыс білдіреді және алдағы кәсіби қызметіне табыс тіледі.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ — 2001 жылы құрылған Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту және дамыту жөніндегі ұлттық даму институты. Қызметінің негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылымды және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ел экономикасына жәрдемдесу және сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту. ҚДБ индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларының аса ірі инвестициялық операторларының бірі және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді.