«Самұрық-Қазына» басшысы қорды реформалау жобасы дайындалып жатқанын айтты

Ол қазір «Самұрық-Қазына» қорын реформалау бағдарламасының жобасы дайындалып жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, қор конструктивті ұсыныстарын бөлісуге дайын азаматтармен диалог жүргізіп жатыр. Жақын арада жоспарлар ашық дереккөздер мен корпоративтік сайтта жарияланады. Қор өкілдері қазақстандықтардың барлық сұрағына жауап береді.

Ашықтық пен есептілік, бизнес үшін кедергілерді жою, әлеуметтік жауапкершілік пен жемқорлыққа қарсы күрес басты қағидаттар ретінде белгіленді. Қазақстан азаматтарына ұлттық байлықты әділ бөлу элементі ретінде қор активтеріне иелік етуге тікелей қатысу мүмкіндігін беру, менің ойымша, бетбұрысты кезең болады, — деп жазды Алмасадам Сатқалиев желіде.

«Самұрық-Қазына» басшысының айтуынша, қор бизнес процестер мен компаниялар тобында корпоративтік басқару тәжірибесін реформалауға, мұнай, газ, көмір, теміржол көлігі, электр энергетикасы және телекоммуникациялар нарығында өзара қарым-қатынас құрылымын өзгертуге бағытталған бірқатар теңдессіз шара ұсынып отыр.

Сатып алулар жүйесін түбегейлі өзгертіп, отандық тауар өндірушілер мен ШОБ-ты қолдау тетіктерін күшейту жоспарланып жатыр.

Бұл мәселелер 26 қаңтарда ашық диалог форматында бизнес қауымдастықпен талқыланады. Әлеуметтік желілерде онлайн трансляция жүргізіледі. Біздің бағдарлама бекітілген жағдайда, мен оны сәтті енгізуге және орындауға дайынмын, — деп сендірді қор басшысы.

Қазақстандықтар қорды реформалауға қатысты ұсыныстарын корпоративтік поштаға [email protected] жолдай алады.

Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының тиімділігіне күмән келтірді. Мемлекет басшысының айтуынша, қордың жұмысы ашық жүргізілмейді, сатып алулар жүйесі тиімсіз. Еңбек жанжалдары басылмайды, шығындары көп. Ауқымды жобалар аяғына дейін жеткізілмейді. Президент қорға түбегейлі реформа жасауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен сөйлескенін, егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, қор да бірге кететінін мәлімдеді.