Президент «Самұрық-Қазына» төрағасы туралы: Міндетті атқара алмаса, өзі де, қор да бірге кетеді

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде атаған тағы бір маңызды мәселе – сатып алуларды реформалау.

Мемлекеттік сатып алулар – өте үлкен экономикалық ресурс. Оны дұрыс пайдалану керек. Бізде бұл үлкен проблема. Сатып алуларды бәсекесіз жолмен алып жүргендердің үлесі әлі де басым. «Самұрық-Қазына» қорының компанияларындағы сатып алуларды ерекше назарға алу керек. Сатып алулар саласындағы сыбайластық, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысу керек. Бір ай уақыт беремін. Егер шешімі табылмаса, өте қатаң шаралар қолданылады. Менің «Платон менің досым, бірақ, ақиқат қымбат» деген қағиданы берік ұстанатыныма көздеріңіз жеткен болар, – деді президент.

Мемлекет басшысы жүктеген алтыншы міндет – мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету.

Квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау керек. Бүгінгі таңда бұл 6,5 мың ұйым деген сөз. Кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің араласуына негіз болатын жағдайларды азайту мәселесін қайта қарау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың перспективасына баса мән берді.

Қазір қор – өте үлкен құрылым. Жабықтық, «саяси маңызы бар адамдарды» тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары  – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселелер. Күні бүгінге дейін мұнай-химия саласын қалыптастыра алмадық. Кеңес дәуірінде салынған зауыттарды қайта жөндеумен келеміз. Директорлар кеңесі ролі мен тәуелсіз директорлардың қатысуы көп жағдайда ештеңе шешпейді. Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін. Бұл мәселе бойынша АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВПЕН сөйлестім. Егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, қор да бірге кетеді, – деді мемлекет басшысы.