Театр және кино актеры Төлеубек Аралбай қайтыс болды

Қаралы хабарды театрдың баспасөз қызметі естіртті.

Қазақ өнері мен мәдениеті орны толмас қазаға ұшырады. 72 жасқа қараған шағында театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Төлеубек Мұхамеджанұлы Аралбай дүние салды, — деп жазды театрдың баспасөз қызметі.

Төлеубек Аралбай 1950 жылы 18 наурызда Семейде дүниеге келген. Ол бала кезінен қаладағы Пионерлер сарайының драма үйірмесіне қатысқан. Оның өнердегі ең алғашқы ұстазы атақты режиссер И.Вишневский болған. 1964-1966 жылдары Семей облыстық музыкалық драма театры жанындағы студияны оқып бітірген соң театрдың қазақ тобына қабылданып, алғашқы ролдерін орындады.

1970-1973 жылдары әскери борышын өтеген соң Қазақ мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияға оқуға түсіп, 1975 жылы белгілі сахнагер Райымбек Сейтметовтің класын бітіріп шығады да, Көркемдік кеңес шешімімен қарашаңырақ театрдың актерлық тобына қабылданады. Театр спектакльдеріне студияда оқып жүргенде-ақ, қатысқан оның алғашқы ролі Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» драмасындағы Жігіт еді. Содан бері өткен қырық екі жыл ішінде ол сахнаның үлкен шеберіне айналды, — делінген жазбада.