Алматы полициясы сарбаз бен тәртіпсіздік кезінде ұрланған иттің кездескен сәтін көрсетті

Ұлттық ұлан сарбазы Рүстембек Байхарашев 5 қаңтарда тәртіпсіздіктерді басу кезінде жараланды және адал досы — «Найтс» атты қызметтік итті жоғалтып алды.

Шабуыл жасаушылар басымнан ұрды, сол кезде сәл әлсірегенімді пайдаланып, бауы қолымда тұрған қызметтік итімді алып кетті. Есімді жиған кезде қылмыскерді суреттеп беруге күш таптым. Оны бүгін қамауға алды. Полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді Рүстембек.

Видео скрині

Иесі мен иттің көптен күткен кездесуі полиция бөлімшесінде өтті. Найтс жедел уәкілдердің кабинетінде тыныш отырып, серіктесін күтті.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы облысы аумағында Алматыға жақын жерде жаппай тәртіпсіздікке қатысушы – 33 жастағы А.есімді азамат ұсталды. Төрт аяқты жауынгер бауға ілініп, аумақты күзетіп тұрған. Қазір ұсталған азаматтың жеке басы қайғылы оқиғалар кезінде орын алған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деді Әуезов аудандық полиция бөлімінің бастығы Ұлан Әбілқайыр.

Кинолог-сарбаз Найтспен жұптасып, қызметте жүргеніне бір жылдай болғанын айтты. Оның айтуынша, ит өте ақылды, мейірімді және тәртіпті.