Алматы орталығында қаруланған екі ер адам ұсталды

Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары қарулы 38 және 35 жастағы ер адамды ұстады. Олардың қару-жарақ дүкендерін тонауға қатысқаны белгілі болды.

Күдіктілерді Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Райымбек даңғылы мен Байзақов көшесінің қиылысында ұстады. Олардан қару-жарақ дүкенінен тәртіпсіздік кезінде ұрланған «SM12 steyr mannlicher austria» маркалы екі аңшы мылтығын тәркіледі. Белгілі болғандай, 38 жастағы М. есімді азамат және 35 жастағы Р. есімді азамат Алматы облысынан келген,- делінген хабарламада.

Қару мен оқ-дәрілерді ұрлау фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 291-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Қару тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды.