«Менде зейнетақы жарнасы жоқ еді»
Сегіз жыл бойы пәтер жалдап тұрып жатырмыз ғой, сол аралықта түрлі бағдарламаға өтініш бердім, қанша жерге жүгірдім, бірақ ойымдағы орындалмады. Алайда осыған қатысар кезде үй алатынымды жүрегім сезді, — дейді Мөлдір Ахилбаева.
Мөлдір қалалық ауруханалардың бірінде учаскелік дәрігер. Күйеуі – күзетші.
Осы орайда айта кету керек, бұл бағдарлама мұғалім, дәрігер, журналистер, мәдениет, спорт, әлеумет, коммуналдық кәсіпорын, полиция, төтенше жағдай саласы қызметкерлері және кезекте тұрған жетім балаларға арналған. Қатысушылардың жасы 35-тен аспауы керек деген шарт бар. Ал Мөлдір 34-те.
Балаларымның куәлігін, басымызда пәтер жоғын растайтын қағазды және басқа да құжаттарды өткіздік. Бір жақсысы, мұнда жаңа салынған үйден де, екінші нарықтағы үйден де пәтер алуға мүмкіндік береді. Біз екінші нарықтан таңдадық. Пәтер иесімен келісіп, 27 желтоқсанда үйге кіріп алғанбыз, — дейді ол.
Банк қызметкерлерінің түсіндіруінше, «Қазақстан құрылыс компаниясының» кепілдігін алып, салынып жатқан ғимараттан да үлескер ретінде пәтер алуға болады екен.
Бағдарламаның алғашқы жарнасы – 10%. Ал несие 5%-бен беріледі. Экономист Мақсат Халықтың пікіріне сүйенсек, 10%-дан төмен несиелерді «жеңіл несие» санатына жатқызуға болады.
Пәтер алғандардың қатарында Ербол Қалақов та бар. Ол полиция қызметкері, зейнетақы жинағы жоқ.
Туысқаным қосымша салымшы ретінде тіркелді. Соның арқасында пәтерге қол жеткіздікe, — дейді ол.
Су жаңа пәтер иелерінің айтуынша, несие 18 миллион теңгеге дейін берілген. Оған банкте жинаған қаражатыңызды қосып, 20 миллионның үстіндегі үйді де сатып алуыңызға болады.
Біздің есептеуімізше, 21 миллион теңгелік пәтер үшін (50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер) 11 жыл бойы ай сайын 150-160 мың теңге шамасында төлеп отырасыз. 25 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндігіңіз бар.
Осы уақытқа дейін 140 мың теңгеге үй жалдап тұрып келдік. Енді оның үстіне аздаған ақша қосамыз, бастысы – мұны өз үйімізге аударамыз, — дейді Мөлдір.
Қатысушылар қалай іріктеледі?
Меншік баспанаға алғаш ие болып жатқан отбасыларды Отбасы банктің орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай мен Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының жетекшісі Қайрат Қамбаров құттықтады.
«Міне, Elorda zhastary бағдарламасы аясында алғашқы пәтерлер беріле бастады. Өтініштер былтырғы қазаннан бастап қабылданған болатын. Әуелде ұзын саны 1 179 өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш қала тұрғындары мен банк салымшыларының арасында сұраныс жоғары екенін дәлелдейді. Әсіресе білім мен денсаулық сақтау саласы мамандарынан өтініш көбірек түскенін айта кетейік. Табысы төмен жастарға аз уақытта пәтер алуға мүмкіндік беретін мұндай бағдарламалар бізге өте керек», — деді Жансұлтан Матай.
Elorda zhastary – Отбасы банк пен қала әкімдігі бірлесіп жүзеге асырған бағдарлама. Бағдарламаны несиелендіруге қала әкімдігі мен Отбасы банк 3,6 миллиард теңге бөлген.
«Бірінші кезеңде 200 қатысушыға несие беріледі. Биыл да жұмыс жалғасады, яғни қоныстойлар көп болады. Жалпы, қалада 29 жасқа толмаған 225 мыңдай адам, ал 35 жасқа толмаған 400 мыңдай адам бар. Халық саны 1 миллион 200 мың десек, «астана – жастардың қаласы» деп толық сеніммен айтуға болады. Біз осындай бағдарламалар арқылы тұрғын үй мәселесін шешіп, мамандардың болашаққа сенімін арттырамыз», — деді Қайрат Қамбаров.
Несиені төлеуге қабілетті адамдар тізімін жергілікті атқарушы билік жинақтаған. Өтініштер qatysu.zhilfond.kz сайтында қабылданды. Іріктеуден өткізу балл бойынша (еңбек өтілі, отбасы мүшелерінің біріндегі мүгедектік жағдайы ескеріліп) есептелді.
Elorda zhastary» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар:
- Қатысушының жасы өтініш берген сәтте 35 жастан аспауға тиіс;
- Қатысушы кем дегенде 1 жыл Нұр-Сұлтанда тұрақты тіркеуде болуы және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Нұр-Сұлтанда тіркелуі;
- Отбасы банкте депозиттің және өтінім берген сәтте 10% мөлшерінде бастапқы жарнаның болуы (депозиттің болуы туралы сертификат немесе шоттан үзінді көшірме);
- Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінде Қазақстан аумағында кейінгі 5 жылда меншік үйі болмауы;
- Нұр-сұлтан қаласында өзі көрсеткен салада кем дегенде бір жыл жұмыс істеуі, ол зейнетақы шотынан үзінді көшірмемен расталады;
- Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы кейінгі 6 айдағы табысы 6 ең төмен күнкөріс деңгейінен немесе 205 812 (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды шегере отырып) аспауы;
- Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.