Қанат Таймерденов: Шабуыл жасалған кезде өзім полиция департаментінде болдым

Қанат Таймерденовтің мәліметінше, қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні полиция пепартаментін, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Бостандық аудандық бөлімшелерін және жергілікті полиция қызметінің ғимаратын қарулы басып алуға әрекеттенген.

Осыған байланысты ғимаратты қорғау, сонымен қатар әскери қарудың ұрлануын болдырмау мақсатында шабуыл жасағандарға қару колданылды. Өзім полиция департаментінде болдым, ғимаратты басып алу үшін 27 рет шабуыл жасағанын санадық. Қылмыскерлер техниканы, джиптер мен КамАЗ көліктерін қолданды, — деді Алматы полиция департаментінің бастығы.

Алматы полиция департаментінің бастығының сөзіне қарағанда, шабуылдарды соғыс тактикасын жақсы білетін, өлілер мен жаралыларды қалдырмай, өздерімен бірге алып кететін кәсіби дайындығы бар адамдар жасаған.

Түнде олар осал жерлерді іздеді, шабуыл таңертеңге дейін жалғасты. Лаңкестердің арасында полиция департаменті ғимаратының жанындағы көпқабатты үйдің төбесінен полиция департаментіне оқ атқан снайперлер де болды. Ғимарат атқыланды, жанатын ұнтағы бар бөтелкелер лақтырылды. Айта кетейін, ол кезде оларды тек күшейтілген кезекші жасақтар қорғады. Олардың батылдығы мен ерлігінің арқасында ғимараттар басып алынбады, — деді ол.