ҰҚК Алматы мен Жамбыл облысы департаментінің басшылары ауысты

ҰҚК баспасөз қызметі мәліметінше, Алмас Наймантаев Алматы облысы бойынша ҰҚКД басшысы, ал Нұрлан Кәрібжанов Жамбыл облысы бойынша ҰҚКД басшысы болып тағайындалған.

Еске салайық, кеше, 13 қаңтарда Марат Ирменов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.

Сонымен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасарлары Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин ұсталғаны хабарланған еді.

Ал 2022 жылғы 8 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің ұсталды. Оған мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылды.

Мұның алдында Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылған еді. Комитеттің жаңа басшысы Ермек Сағымбаев болды.