Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының экс-орынбасарлары ұсталды

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр. Осы істің шеңберінде билікті күшпен басып алуға және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер фактілері бойынша қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Кәрім Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары — «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы Әнуар Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин ұсталды.

Ведомство тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

Еске салайық, 2022 жылғы 8 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің ұсталғаны хабарланды.

Мұның алдында Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылған еді. Комиететтің жаңа басшысы Ермек Сағымбаев болды.