Әлихан Смайылов премьер-министрдің міндетін атқарады

Қазақстан Республикасы премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелсін, — делінген жарлықта.

Әлихан Смайылов 1972 жылы Алматыда дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тәмамдаған.

1996 жылы ҚР президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.

1993–1999 жылдары «А-Инвест» инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.

1999–2003 жылдары  ҚР Статистика агенттігінің төрағасы,

2003–2006 жылдары ҚР сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы,

2006–2009 жылдары  ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті,

2009–2014 жылдары ҚР Статистика агенттігінің төрағасы,

2014–2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы,

2015–2018 жылдары ҚР президентінің көмекшісі,

2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін қаржы министрі,

2019 жылғы 25 ақпанда президент жарлығымен премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі қызметіне тағайындалды.

2021 жылы 18 қаңтарда ҚР президентінің жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.