«Аты-жөнім үлкен жауапкершілік арқалайтынын сеземін»
Желтоқсан оқиғасы құрбаны Қайрат Рысқұлбеков абақтыда болған кезінде інісіне хат жолдаған. Онда ол соңғы өтінішінің бірі ретінде болашақта әулетте дүниеге келген ұл балаға Қайрат, қыз балаға Арайлым деген есім беруді сұраған екен.
1992 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне бір жыл толғанда қаһарман Қайрат Рысқұлбековтің ұрпағы — бала Қайрат Рысқұлбеков дүниеге келген.
Қайрат Рысқұлбековтің әкесі — атамның туған ағасы. Марқұм Қайрат ағамның сол бір өтінішін орындау үшін оның есімін маған қойды. Тағы бір ағайын бауырынан қыз туды, оны Арайлым деп атады, бірақ не себепті «Арайлым» деп айтқанын әлі күнге дейін білмейміз, — дейді Қайрат Рысқұлбеков.
Бүгін Қайрат 29 жасқа толды. Әйелі және Асылым, Айбар есімді балалары бар. Алматыдағы компаниялардың бірінде есепші болып жұмыс істейді.
Мүмкіндік болса, туған күнімде туыстарыммен бір дастарханда бас қосамыз. Сонымен бірге Қайрат ағамыздың рухына құран бағыштаймыз, — дейді ол.
Қайрат аты-жөніне байланысты өзіне үлкен жауапкершілік артылғанын сезеді екен. Сол себепті әр ісін ойланып істеуге тырысады.
Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын «Мен Қайрат Рысқұлбековпін ғой» деп, дұрыс жолды таңдауға тырысамын. Себебі менің іс-әрекетіммен қаһарман Қайраттың атына кір келгенін қаламаймын. Тәуелсіздік күні қарсаңында барша қазақстандықты мерекемен құттықтаймын. Ендігі біздің, жастардың міндеті — осы елді дамыту, гүлдету, — дейді Қайрат Рысқұлбеков.
«Ләззат Асановамен ұқсас тұсымыз бар»
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тумасы Ләззат Асанова 22 жаста. Ата-анасы қызының өмірі жарқын сәтке, махаббатқа толы болсын деген ниетпен Ләззат деген есімді таңдапты. Бірақ олар баласының Желтоқсан оқиғасындағы батыр қыз Ләззат Асановамен аттас екенін кейін байқаған.
«Негізі Ләззат Асановамен аттас болуым — кездейсоқ жағдай. Жеке басым, бұл туралы ең алғаш мектепте бастауыш класта Желтоқсан оқиғасы туралы оқыған кезде білдім. Шыны керек, өзім де, класстастарым да таңғалдық», — дейді ол.
Ләззат қазір Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің 5-курс студенті. Болашақ фармацевт. Оның айтуынша, Ләззат Асановамен ұқсас тұстары бар.
Білуімше, Ләззат Асанова Петр Чайковский атындағы музыка колледжінде білім алды. Домбыра, фортепиано сияқты аспаптарды жетік меңгерген. Мен де Ләззат әпке сияқты өнерге жақынмын, ән айтамын, өлең жазамын. Достарым дауысымның жағымды екенін айтады, бірақ ол кісі сияқты өнер жолын таңдауға батылым бармады. Қыз балаға қиын болар деп ойладым. Сол себепті қазір медицина саласында оқып жатырмын, — дейді Ләззат.
Ләззат жақында тұрмысқа шыққан. Ол емін-еркін бақытты отбасы құруы, жоғары білім алуы Желтоқсан көтерілісі құрбандары арқасы екенін ешқашан ұмытпайтынын айтады. Тіпті тәуелсіздік мерекесіне орай өлең шумақтарын арнады.
Алып берген бейбітшілік халқыма,
Алғыс айтам әр жауынгер батырға
Сақтау үшін мәңгілік ер есімін,
Тербетейік тыныштық ел бесігін!