Басты бетҚоғам"Уайымға батырды"....

«Уайымға батырды». Атырау облысының әкімі орынбасары Бақытгүл Хаменованың ұсталуы туралы

Әрине, уайымға батырды, — деді Махамбет Досмұхамбетов орынбасары Бақытгүл Хаменованың ұсталуын қалай қабылдағанын сұраған журналистерге.

Әкімнің айтуынша, бүгінде Бақытгүл Хаменованың орнына ешкім отырған жоқ.

Оның қызметі әкімнің негізгі орынбасарлары арасында бөлінеді. Тергеу жүріп жатыр, барлығы тергеуден кейін белгілі болады, — деді ол.

Аймақ басшысының айтуынша, оны әлі жауап алуға шақырмаған. Орынбасары ұсталғаннан кейін онымен сөйлеспеген.

Сонымен бірге журналистер Махамбет Досмұхамбетовтан Бақытгүл Хаменова ұсталғаннан кейін отставкаға кетуге дайынсыз ба деп сұрады.

Бұл мәселені реттейтін заң бар. Егер маған тікелей бағынышты орынбасарымның бірінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны анықталса, онда заңға сәйкес мен кетуім керек және мен отставкаға беремін. Әрі қарай мемлекет басшысы шешім қабылдайды, — деді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкім сонымен бірге орынбасарының кінәлі екеніне сене ме деген сұраққа жауап беруге қиналды.

Тергеу жүріп жатқан кезде түсініктеме бере алмаймын, — деді Махамбет Досмұхамбетов.

Ол Бақытгүл Хаменованы Нұр-Сұлтаннан арнайы келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ұстады ма деген сұраққа жауап берген жоқ.

Облыс әкімі қылмыстық іс қозғауға себеп болған тендер, оның ішінде орнатылуы керек ескерткіш туралы айтты.

Ескерткіш туралы шешім, қателеспесем, 2016 жылы қабылданды. Пандемия кезінде мұны жүзеге асыра алмадық, ескерткішті биыл орнату жоспарланды. Ескерткіш орнату әрі қарай созылуы да, созылмауы да мүмкін. Оған тергеу әсер ете ме, жоқ па, айта алмаймын, — деді аймақ басшысы.

Еске салайық, Бақытгүл Хаменова Қылмыстық кодекстің 366-бабының екінші бөлігі бойынша «айтарлықтай мөлшерде пара алды» деген күдікке ілінді. Расталмаған ақпарат бойынша, пара Абай ескерткішін орнатуға жарияланған тендер бойынша берілген.

Қазір шенеунік үйқамақта отыр.