Алматы әкімі қаланың экология жағдайын қалай жақсартатынын айтты

Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

Экология ахуалын жақсарту үшін келесі жылдан бастап 2-ші Жылу электр орталығын (2-ЖЭО) газға көшіру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады.  Мемлекет басшысының жақында Алматыға жасаған жұмыс сапары кезінде капсула салынды. Президент айтып өткендей жаңа қондырғының салынуы Алматының бүкіл энергия кешенін кең ауқымда жаңартуды бастауға мүмкіндік береді, — деді ол.

Қала әкімінің айтуынша, 2-ші Жылу электр орталығын жаңғырту зиянды заттардың көлемін 7,5 есе азайтады.

Бақытжан Сағынтаев қаладағы экология посттары туралы да айтты.

Қазірдің өзінде 15 экопост орнатылды, жыл соңына дейін тағы 4-еуі кезекпен орнатылады. Барлық пост өлшеу құралдарымен және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Сонымен бірге жыл соңына дейін тағы 3 жылжымалы экопост пен зертхананы іске қосамыз, — деді ол.

Сонымен бірге әкімнің айтуынша, қалада үш жылда миллион ағаш отырғызылады.

3 жылда 1 миллион ағаш отырғызу жөніндегі «Жасыл Алматы» бағдарламасы екінші жыл іске асырылып жатыр. Қазірдің өзінде 570 мың түрлі көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін 190 мыңнан астам көшет отырғызуды жоспарлап отырмыз, — деді Бақытжан Сағынтаев.