Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық салалар бойынша ықпалдастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Сонымен бірге коронавирус пандемиясына қарсы күреске, оның ішінде вакциналарды және вакцинация паспорттарын өзара мойындауға қатысты өзекті мәселелер сөз болды.

Тараптар 29 бағыт бойынша ықпалдастықтың құқықтық негізін қалыптастыратын Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық  туралы келісімді толық іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Еуроодақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясының, сонымен бірге Еуроодақ – Орталық Азия бағытындағы белсенді диалогтың тиімді жүзеге асырылу барысына оң баға берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, Еуроодақ – Қазақстан экономикасына жалпы 160 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған ең ірі инвестор. Ал Қазақстан – Еуроодақтың Орталық Азия аймағындағы ең ірі сауда серіктесі. Өзара сауда айналымы 24 миллиард долларға жеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Еуроодақ
Фото: Akorda.kz

Кездесуде мемлекет басшысы Орталық Азиядағы су ресурстары мәселесіне тоқталып, аймақтағы мемлекеттердің гидроэнергетика, ирригация және қоршаған ортаны қорғау саласындағы маңызды мүдделерін теңестіруге бағытталған халықаралық су-энергетикалық консорциум құру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты президент еуропалық серіктестерді Қазақстанның бастамасын жүзеге асыруға үлес қосуға шақырды.

Сонымен бірге Қазақстан президенті Еуроодақ жүзеге асырып жатқан еуропалық «жасыл келісім» атауымен белгілі жаңа экологиялық даму моделіне тоқталды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев сенімді әрі тұрақты түрде шикізатқа қолжетімділікті, сондай-ақ еліміздің аккумуляторлық құн тізбегіне бірігуін қамтамасыз ету арқылы Еуропалық шикізат альянсымен және Еуропалық аккумуляторлық альянспен арадағы серіктестікті жолға қоюға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Айта кетейік,кеше, 25 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға екі күндік ресми жұмыс сапармен барған еді.