Алматыда «Жамбылдан – Аманат» концерт-спектаклі өтті

Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен сахналанған «Жамбылдан – Аманат» концерт-спектаклі жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналды.

Концерт-спектакль жасынан жыраулығымен танылған ақын, жыршы Сүйінбай Аронұлы мен оның шәкірті Жамбылдың кездесуінен басталып, Жамбылдың бала күнінен есейген шағына дейінгі өмірін бейнелейді.

Жамбылдың «Жамбылдың Айкүміспен айтысын», «Угәй-ай», «Алатау» әндері, «Қазақстан тойына», «Ақын болдым он үште», «Ленинградтық өренім» жырлары театр артистерінің орындауында көрерменге ұсынылды.

Жамбылдың  әндері мен жыр жолдарына құрылған жоба бір сәтке Жамбыл әлеміне енуге мүмкіндік берді, — делінген хабарламада.

Қойылымды Құрманғазы оркестрі жанды дыбыспен сүйемелдеді. Дирижер, Құрманғазы оркестрінің бас дирижері, Мемлекетік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты – Абылай Тілепберген. Режиссері – Данияр Базарқұлов.