Жадыра Сембіқызы, Жапония:

шетел вакцина
Жадыра Сембіқызы

«Жапония азаматтарын вакцина салған, салмаған деп бөлмейді»

Жапония – коронавирусқа қарсы вакцина салуды кешірек бастаған ел. Өйткені басқа мемлекеттер халқына вакцина салдырып жатқанда Жапония билігі шыққан вакциналарды зерттеп жүрді. Себебі билік екпенің болашақта халқына қалай әсер ететінін анықтауға тырысты және нақты бір кепілдік беруге қорықты. Сосын бізге вакцина салғызғысы келетін адам оны тегін ала алатынын, салдырмаса, әркімнің өз еркі екенін айтты. Ешкімді күштемейді. Негізінен мемлекет АҚШ және Германия елдерінде жасалған вакциналарды сатып алды. Жапонияда қоғамдық орындардың кіреберісінде Қазақстандағыдай Ashyq жоқ. Өйткені мемлекеттің өзі вакцина алсаң да, алмасаң да өз еркің деді ғой. Олай болса, азаматтарды вакцина салған, салмаған деп бөле алмайды. Жапонияда барлық жерде маскамен жүреміз. Өзіміз саналы түрде антисептикті жиі пайдаланамыз, арақашықтық сақтаймыз.

Уэсли Энрике Батиста, Бразилия:

шетел вакцина
Уэсли Энрике Батиста

«Бразилияда вакцина салдыру — қалыпты іс»

Бразилияда тұрамын, мамандығым — инженер-электрик. Біздің елде COVID-19-ға қарсы вакцинация 2021 жылғы 1 қаңтарда басталды. Қазір вакцина салдыру міндетті шара емес, оны әркім өзі шешеді. Дегенмен коронавирусқа қарсы екпе алғысы келетіндердің саны өте көп. Бразилияда вакцина салдыру — қалыпты іс.

Вакцина салдырмаған адамдарға, жалпы, қатаң шектеу жоқ. Дегенмен елдің кей қаласында, жаңылмасам, Сан-Паулуда мемлекеттік қызметкерлер (үкіметке қызмет ететін адамдар) коронавирусқа қарсы вакцина алуға міндетті. Екпе салдырмаса, оларды жұмыстан шығаруға дейін барады.

Одан басқа азаматтар кейбір қоғамдық орынға вакцина алмаса, кіре алмайды. Ал негізі сауда орталықтары, супермаркеттер, қоғамдық транспорт сияқты жабық орындарда тек маска тағып жүру міндеттелген.

Мұхаммед Сохаиб, Пәкістан:

шетел вакцина
Мұхаммед Сохаиб

«Вакцина салдырмаған адамдарға қатаң шектеулер енгізілді»

Біздің елде коронавирусқа қарсы вакцина салдыру 2021 жылғы 1 ақпанда басталды. Бұл науқан кезең-кезеңімен жүзеге асты. Бірінші кезең бойынша 80 жастан асқан азаматтарға екпе салды. Екінші кезеңде 70-79 жас аралығындағы адамдарға вакцина салу басталды. Мұндай әдіс мамыр айының соңына дейін жалғасты. Тек сол кезде барып 17 жастан асқан ересектерге екпе салдыру басталды.

Жақында ғана мектеп оқушыларына екпе сала бастады. 12 жастан асқан балалар вакцина алып жатыр. Қазір біздің мемлекетте 80 миллионнан аса адам вакцинаның кемінде бір дозасын салдырды. Бұл жалпы халықтың шамамен 36%-іне тең. Ал халықтың 22%-і болатын 50 миллионға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын да салдырып қойды. Орташа есеппен, күніне 1,5 миллион адам вакцина алып жатыр.

Жалпы, Пәкістанда вакцина салдыру-салдырмау әркімнің өз еркінде. Дегенмен 1 қазаннан бастап екпе алмаған азаматтарға қатаң шектеулер енгізіле бастады. Олар мыналар:

  1. Әуе тасымалына тыйым салынды, яғни вакцина алмаған адам ұшаққа билет ала алмайды.
  2. Мейрамханаларға кіре алмайды.
  3. Автомагистральдармен жүре алмайды.
  4. Мемлекеттік және жеке секторларда көпшілікпен бірге жұмыс істеуге тыйым салынды.
  5. Спорт шараларына немесе концерттерге бара алмайды.
  6. Паспорт, жеке куәлік жаңарту сияқты өзге де қызметтер ала алмайды.

Үкімет COVID-19-ға қарсы вакцинаны тегін ұсынып отыр.

Жанар Бақытжанова, Түркия:

шетел вакцина
Жанар Бақытжанова

«Вакцина салдырмасам, ел ішінде ұша алмайды екенмін»

Түркия азаматтарға коронавирусқа қарсы вакцина салуды 2021 жылғы 14 қаңтарда бастады. Басқа елдердегідей мұнда да вакцина алу-алмауды әркім өзі шешеді. Бірақ мемлекеттік қызметкерлер мен егде жастағы адамдарға екпе салдыру міндеттелді.

Мен өзім Түркияға келгеніме 3 ай толғанда салдырдым. Өйткені COVID-19-ға қарсы екпе алмасам, ел ішінде басқа қалаларға ұша алмайды екенмін. Қазір осы елде университетте білім алып жатырмын. Вакцина салдырмаған студенттерге факультет ғимаратына кіруге шектеу қойылды. Екпең болмаса 48 сағат сайын ПТР тестін тапсыру қажет. Оның бағасы – 170 лира (сол кездегі курспен 8 500 теңге, қазіргімен 6 556 теңге). Оған қоса, вакцина алмаған азаматтар театрға, концертке кіре алмайды. Ал басқа қоғамдық орындарда вакцина болмаса, ПТР тестін тапсыру міндеттеледі.

***

Қазақстанда коронавирусқа қатысты азаматтардың статусын көрсететін Ashyq қосымшасы бары белгілі. «Жасыл» түс азаматтың вакцина салдырғанын, «көк» түс бейтарап екенін (вакцина салдырмаған, коронавирус жұқтырмаған), «сары түс» вирус жұқтырған адаммен байланысты болғанын, ал «қызыл түс» азаматтың коронавируспен ауырып тұрғанын білдіреді.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған азаматтарға дәл қазіргі уақытта мынадай шектеу енгізілген:

  • 2021 жылғы 6 қыркүйектен бастап Қазақстанда жұмыс орнына барып істейтін қызметкер міндетті түрде COVID-19-ға қарсы вакцина салдыруы міндеттелді. Тұрақты медициналық қарсы көрсеткіші бар және кейінгі 3 айда коронавируспен ауырған азаматтар бұл тізімге кірмейді.
  • Жұмыс берушілер вакцина салдырмаған қызметкерді еңбектен шеттетуге құқылы. Демек жұмыс берушілер вакцина салдырмағандарды жұмыстан өтемақысыз шеттете алады.
  • Ashyq қосымшасында «көк» түс көрсететін азаматтар 15 қарашадан бастап сауда-ойын-сауық орталықтарына кіре алмайды. Бұл, әсіресе, Жаңа жыл алдында енгізілген шектеу. Өйткені мереке қарсаңында сауда орталықтарында халықтың қаптайтыны анық. Бұрын мұндай шектеу демалыс күндері енгізілсе, енді жұмыс күндері де қолданылады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сауда-ойын-сауық орталықтарына алдағы уақытта вакцина алмаған балалардың да кірмеуі мүмкін екенін айтты.
  • Алматыда сенбі-жексенбі күндері вакцина салдырмаған азаматтар театрға, кітап дүкендеріне, концерттерге, кинотеатрларға және тағы басқа қоғамдық мекемелерге кіре алмайды.
  • 2021 жылы вакцина алмаған студенттерге жатақханаға орналасуға тыйым салынды. Дегенмен бұл шектеудің 18 жасқа толмаған, тұрақты медициналық қарсы көрсеткіші бар және коронавируспен ауырып шыққан студенттерге қатысы жоқ.