Елімізде сауда орталықтарына вакцина салғызбаған балалар да кіргізілмеуі мүмкін

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Қазіргі таңда тек ересектер үшін ғана шектеу бар. Болашақта балалар үшін осындай шектеу енгізу қарастырылып жатыр, — деді Алексей Цой Үкімет кулуарында журналистерге.

Айта кетейік, қазір елде 12-ден 18 жасқа дейінгі балаларды ерікті түрде Pfizer-мен вакциналау науқаны басталды.

15 қарашадан бастап сауда ойын-сауық орталықтарына тек «жасыл» статустағы адамдар кіреді. Бұрын мұндай шектеу демалыс күндері енгізілсе, енді жұмыс күндері де қолданылады.

Жуырда Қазақстанға Pfizer вакцинасының 379 мың дозасы жеткізілді. Екінші партия 20 қарашаға дейін жеткізіледі. Қазір бұл препаратпен вакциналау жеті өңірде – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстарында басталды.

Бүгінде 1 313 бала, 247 жүкті және бала емізетін әйелге Pfizer вакцинасы егілді.