Қызылорда облысында боранды күні жоғалған әке мен бала табылды

Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

16 қарашада Қызылорда облысында ауа райы күрт нашарлады. Қалың қар жауып, боран соқты.​ Сол күні күндізгі сағат 09.00 шамасында 41 жастағы ер адам мен оның 11 жастағы ұлы атқа мініп, Жалағаш ауданының Аққыр ауылынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан «Түгіскен» учаскесінде орналасқан фазендаға қарай бет алған. Бірақ осы уақытқа дейін фазенда басына бармағандығы белгілі болды, — делінген хабарламада.

Осы дерекке байланысты жоғалған адамдарды іздестіруге Қызылорда облысы полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылған.

Полицейлер, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден арнайы топ құрылып, екі күн бойы жоғалған азаматтарды іздестіру жұмыстары жүргізілген.​ Ауданның барлық ауылы, далалық жолдарды қамтыған.​

​Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жоғалған әке мен бала Жалағаш ауданы Аққыр ауылына қарасты «Бекей» даласынан солтүстікке қарай 60 ​шақырым жерден аман-есен табылды.​

Іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Әкесі мен ұлы қалың жауған қар мен ақ түтек​ боранның​ салдарынан келе жатқан​ жолынан​ адасып кеткен, – деді полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре. ​

Полиция өңір тұрғындарынан дабылды ескерту жарияланған уақытта алыс сапарға шықпауын сұрады. Шаруа қожалықтарының жұмысшылары қыстау мен жайылымнан алыс кетпеуге тырысуы қажет.