Қызылордадағы шыны зауыты жыл соңына дейін іске қосылады

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

Биыл 45 миллиард теңгеге 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, нәтижесінде 500-ге жуық жұмыс орны ашылады. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы шыны зауыты бар, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкімі индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында құны 543 миллиард теңгеден асатын 46 инвестициялық жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, өңірде шыны зауытының құрылысы 2012 жылы басталған еді.

Брифингіде Гүлшара Әбдіқалықова әр сенбі сайын шыны зауытына арнайы барып, жұмысын бақылап отырғанын айтты. Өңір басшысының сөзінше, балқыту ваннасы мен пештің құрылысы да аяқталған, яғни шыны зауытының 95% бітіп тұр. Шыны зауытын жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Шыны зауытының айналасында 2 жобаны іске асыру жұмыстары басталған. Барлық ілеспе өндірісте шамамен 400 адам жұмыс істейді.