Ақмола облысындағы жарылыс: екі бала жансақтау бөлімінде жатыр

Бұл туралы Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды.

Екі ересек адам мен бір бала қаза тапты. Құтқарушылардың айтуынша, кешке бір отбасы қонақ шақырған.

Зардап шеккендер бір отбасы мүшесі емес, шақырылған қонақтар да бар. Екі отбасы зардап шекті, 5 ересек адам, қалғаны бала. Үй иелерінің өздері — үш ересек, төрт бала. Оларға тағы бір отбасы қонаққа келген, екі ересек және үш бала. Барлығы 12 адам пәтерде болды, оның үшеуі қаза тапты, — деді облыстың төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2009 және 2012 жылы туған екі бала жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Олардың жағдайы ауыр.

Төтенше жағдайдың алдын ала себебі, газ баллонын пайдалану ережелерін бұзу. Тергеуді полиция жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, 16 қарашада Ақмола облысы Шортанды кенті Линейная көшесінде газ баллоны жарылысынан үш адамның қаза тапқаны хабарланған еді.