Ақмола облысында газ баллоны жарылды: үш адам қаза тапты

Ресми мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 16 қарашада кешкі сағат 21.38-де Линейная көшесінде болған. Барақ үлгісіндегі салынған үйде газ жарылып, арты өртке ұласқан.

Өрттің жалпы аумағы 350 шаршы метр болды.

Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері мен 7 техникасы, «Жер Ана» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 4 қызметкері мен 1 техникасы тартылды. Түнгі сағат 23.55-те өрт толық сөндірілді, — деді төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның айтуынша, оқиға орнынан 3 адамның мәйіті табылды. Тағы он адам түрлі дене жарақаттармен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.

Газ баллоны, жарылыс, өрт
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
Газ баллоны, жарылыс, өрт
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Ақмола облыстық полиция департаментінде жедел тергеу тобы құрылды. Өрт зертханасының мамандары да тартылып отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға тұрмыстық газ баллонын қолдануда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға үндеді.

Газ баллоны, жарылыс, өрт
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі