«Шевронның» Атырау облысы бойынша қауіпсіздік техникасы жөніндегі менеджері Вячеслав Кондрашихин бізге әріптестерінің еңбек қауіпсіздігін сақтау процестеріне қалай қатысатыны, «Шевронның» бұл саладағы заманауи технологияларды қалай қолданатыны және «қауіпсіздік маманы» атанғысы келетін адам нендей дүниеге мән беру керек екені туралы әңгімелеп берді
— Вячеслав, кей адам қауіпсіздік техникасы стандарттары мен ережелерін сырт көзге әншейін ғана жасала салынатын дүние деп қабылдайтыны және оны қауіпсіздік маманының екі сағатқа созылатын іш пыстырарлық дәрісі немесе каска киіп жүр деген талаппен ғана байланыстыратыны құпия емес. Сарапшы ретінде айтып бересіз бе, бұл сала адам үшін, компания үшін несімен маңызды?
Ең әуелі өмірінің көп бөлігін кәсіпорынға арнайтын қызметкерлердің тағдыры мен саулығын атай кетуім керек. Әр жұмысшының жақын туыстары, бала-шағасы, ата-анасы, достары бар. Компания бұл адамды жұмысқа қабылдаған кезде, оның қызметке келіп, тапсырылған істі қауіпсіз ортада орындап, үйіне, отбасына аман-есен оралуына қатысты жауапкершілікті де өз мойнына алады.
Екіншіден, еңбек міндеттемелерін орындайтын қызметкердің моральдік-психологиялық тұрғыдан қанағаттануы мен өзінің қорғауда екенін сезінуі де маңызды. Кәсіпорындағы барлық процесс бақылауда болса, жұмыс орнында өндірістік мониторинг жүріп тұрса, ал жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігін сақтау үшін барлық тиісті шараны қолданса, бұл қызметкер өз жұмысына, ұйымда қабылданған талаптардың орындалуына мұқият қарайтын болады. Мұндай жерде қызмет атқаратынын мақтан тұтады, кәсіби мансап жолымды осында дамытып, өсірсем деген ниеті қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, еңбек нарығындағы компанияның беделі артады, сәйкесінше біліктілігі жоғары мамандар да оған жұмысқа тұруға тырысады.
Үшіншіден, бұл мәселені қаржы мен заң тұрғысынан қарастыру қажет. Әр қызметкер мен басшылықтың жауапкершілігін және кінәсінің дәрежесін белгілейтін жергілікті заңнама талаптары бар. Қызметкер жарақат немесе зақым алса, бақылаушы органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатқан кезде өндіріс уақытша тоқтап қалуы мүмкін, одан бөлек ем-дом шығындары және өтеледі. Зардап шеккендердің саулығын қалпына келтіруді, оларға өтемақы төлеуді, сондай-ақ оқиға тергеуді талап етсе, сот ісіне кететін шығындарды да атай кету керек.
Осының бәрі жалпы алғанда ұйымның имиджіне әсер етеді.
— «Шеврон» секілді ірі компанияда қауіпсіздік техникасы деген нені білдіретінін қарапайым халыққа түсіндіріп айтып бере аласыз ба?
— «Шеврон» үшін қызметкердің өмірі мен денсаулығы маңызды. Компаниямыздағы қауіпсіздік техникасы – жұмысшыларға еңбек міндеттерін орындау барысында қауіпсіз жағдай жасауға арналған үлкен жұмыс. «Шевронның» әлемдік тәжірибесі бар, сондықтан ол еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында алдыңғы қатарлы технологиялар мен инновациялық дүниелерді зерттеп, талдап отыруды еш тоқтатпайды. Бұл соңғы үлгідегі жүйелер мен қорғаныс құралдарын кәсіпорында тұрақты түрде енгізіп отыруға мүмкіндік береді. Бізде еңбек қауіпсіздігі саласында саясаттар әзірленген, мердігер ұйымдарды басқару процестері енгізілген, сонымен қатар жұмысты қауіпсіз жүргізуге арналған барлық қажетті нұсқаулық мен әдістеме бар.
Ұйымның еңбек қауіпсіздігі техникасына қатысты процесті жоғары деңгейде жүргізуіндегі басты мәселе — тұрақты анализ жүргізу, яғни өндірістік қызметке, соның ішінде технологиялық режимдерге, жұмыс жүргізу әдістеріне инспекция өткізу маңызды. Мұндай инспекциялардың нәтижесі нысанда болсын, жалпы компанияда болсын, қандай да бір өзгерістерге байланысты дұрыс шешімді дер кезінде қабылдауға көмектеседі.
2009 жылы «Шевронда» еңбек жолымды бастаған кезде, бірінші күні-ақ бұл ұйымның қауіпсіздікке және еңбекті қорғау мәселесіне қаншалық мән беретінін байқадым. Мұнда қауіпсіздік ережелері мен нормаларын сақтаудың неге сондай маңызды және қажет екенін бірден түсінесің. Бұған қол жеткізу үшін ұйым қызметкерлерінің бәрі еңбек қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосуға тиіс.
Біз қауіпсіздік мәдениетін дамытуға арналған жұмысты тұрақты атқарып отырамыз. Алдыңғы қатарлы технологиялар енгізілуде, қызметкерлерге түсетін дене және психиологиялық ауыртпалықты төмендетуге мүмкіндік беретін технологиялық процестер роботтандырылып, автоматтандырылып жатыр. Жұмысты қауіпсіз жүргізгені және апатқа немесе тән жарақатын алып келуі мүмкін қатерлі факторларды анықтағаны үшін ұжымды ынталандыру да жолға қойылған. Әр қызметкер өз іс-әрекетінің компания үшін маңызды, бағалы екенін түсінеді, сәйкесінше олардың қауіпсіздік техникасына деген дұрыс көзқарасы ұйымда қауіпсіз орта құруға жәрдемдеседі. Бұл шараның бәрі қойылған міндетті атқарып отырған жұмысшыда қорғаныш сезімін тудырады.
— 2021 жылғы қауіпсіздік техникасы деген не? Ол, мысалы, екі мыңыншы жылдардағы қауіпсіздік техникасынан несімен ерекшеленеді?
— Жалпы алғанда, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың мақсаттары мен міндеттері өзгере қойған жоқ. Басты мақсат – қызметкердің өмірі мен денсаулығын сақтау. Әрине, бұрынырақта нұсқаулықтар мен процедуралар секілді әкімшілік қорғау шаралары басымдыққа ие болды. Алайда әлемдік индустриядағы прогресс, цифрлы технологиялар дамуы еңбекті қорғаудың басқару жүйесі мен әдістемелеріне өзгеріс енгізді. Қазіргі уақытта инновациялық дүниелер инженерлік деңгейде бұрынғыдан жақсы қорғаныс жүйелерін енгізуге жол ашады. Жоғары интеллектуалды басқару жүйелері қауіпті технологиялық процестерге жұмысшының қатысуын барынша азайтуға көмектеседі, осылайша денсаулыққа түсетін салмақ та төмендейді, жарақат алу қатері де кемиді.
— «Шевронда» қандай өзекті және заманауи қауіпсіздік технологиялары қолданылады? Олар жұмыста қалай көмектеседі?
— Мысал ретінде біздің нысандарда қолданылатын санды бағдарламалық басқаруы бар құрылғыны келтіре аламын. Оператор қажетті параметрлерді көрсетіп, бұл құрылғыны іске қоса алады. Ары қарай барлық процесс автоматты түрде жүреді.
2019 жылы зауыттарымыздың бірінде HazardAvert жобасы жүзеге асырылды. Бұл дабыл жүйесі. Арнайы техниканың, атап айтқанда шанышқылы жүк тиегіштің оның қозғалыс аймағында жүрген жұмысшыларға тым жақындап барып қалғанын бірден «байқап», белгі береді. Жүйе тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады және техника жолында адам болса, жүк тиегіш операторы кабинадағы цифрлы монитордан бұл жайындағы дабылды дереу көреді. Ал арнайы техника жүруі мүмкін жерлерде жұмыс істеуге рұқсат алған қызметкерлерде электронды таратқыш болуға тиіс.
Жарықдиодты технологиялар саласына келсек, біздің компания люминесцентті шамдардан тұратын қазіргі жарықтандыру жүйесін дамытып, нысандардағы жарық жағдайын жақсартып жатыр. Бұл шамдарға қызмет көрсету және жөндеу жиілігін сиретуге мүмкіндік береді. Экологияға оң әсері бар екенін де айта кету қажет, себебі жарықдиодты шамдарда сынап болмайды.
— Компанияңыздағы қауіпсіздік стандарттары туралы айтып бересіз бе? Бұл стандарттарға сәйкес, қандай да бір оқиға орын алса, қызметкер не істеуге тиіс?
— Біріншіден, кез келген инцидент немесе оқиғаның артында осыған әкелген түрлі фактордың тұратынын және оған жауапты тұлға, қызметкерлердің тарапынан дұрыс әрі уақтылы мән берілмегені салдарынан мұндай жағдай орын алатынын айта кетуім керек. Біздің мақсат – осы ілеспе факторларды ә дегенде дәл тауып, тиісті шаралар қабылдау.
Сонымен қатар біздің компания адам жіберуі мүмкін факторды да ескереді. Мұны айыптамау қажет. Кез келген жан қандай да бір оқиғада қателесуі мүмкін. Ал қызметкерлерді қорғауға арналған жүйе дұрыс түзілсе, бұл қатенің салдарын ушықтырмауға және қайғылы жағдайға әкелмеуге көмектеседі. Дәл осы себепті «Шеврон» компаниясында қауіпті жайттар мен қатерлі іс-әрекетті дер кезінде танып, жоюға арналған процестер бар. Компанияның әр қызметкері, әр мердігері жұмысты тоқтату құқығына ие. Және мұнда атқарылып жатқан істің түрі мен күрделілігі маңызды емес. Оған қоса жұмысты тоқтатқан адамға компания тарапынан ешқандай шара қолданылмайды, керісінше, болуы мүмкін үлкен қатерді анықтап, алдын алған қызметкерлерге қолдау білдіріледі. Жалпы алғанда, бізде кез келген өндірістік қызмет үшін нұсқаулықтар әзірленген. Қандай да бір салаға жауапты маман уақтылы дайындықтан өтіп, білімін жетілдіріп отырады.
— Сарапшы ретінде бұл мамандықтың маңызы жайлы пікіріңізді айтасыз ба? Әлдебір жас қазақстандық қауіпсіздік маманы болғысы келсе, оған қай бағытта дамып, неге назар аудару қажет?
— Қауіпсіздік техникасына жауап беретін бірде-бір маманның ұйымда қауіпсіздік болатынына жүз пайыз кепілдік бере алмайтынын атап өтсем деймін. Әр қызметкердің бұған назар аударуы және үлес қосуы ғана сенімді, қауіпсіз орта құруға мүмкіндік береді.
Ал қауіпсіздік техникасы саласындағы жастарға мынадай кеңес берер едім. Қауіпсіздік техникасындағы жақсы маман – бұл техникалық білімі бар, ұйымның барлық процесіне қатысатын, өндірістік жұмысты білетін және түсінетін, қызметкерлердің іс-әрекетіне не себеп болғанын ұғуға тырысатын және соған сәйкес қорытынды шығаратын адам. Біздің кәсіпте болдым-толдым деп тоқтап қалуға болмайды, керісінше, индустриализация мен цифрлы технологиялар дамыған заманда әрдайым өсіп, білімді жетілдіріп отыру керек.
— Әңгімеңізге рахмет!