4 миллион теңге. Президент грантқа бөлінген қаржыны студентке беруді айтты

Мемлекет жастарға білім беру үшін жоғары оқу орындарына өте көп грант бөледі. Бүгінде бір студентті оқыту құны — шамамен 4 миллион теңге. Грант саны жыл сайын артып келеді. Енді қаржыландыру тәсілін өзгерткен жөн. Қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс, яғни студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл — қаражат студенттің арнайы есепшотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Президенттің сөзінше, бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу саласында бәсекені арттырады. Сонымен бірге мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді. Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттырады.

Мемлекет басшысы Үкімет бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруды тапсырды.