Қазақстандықтар Pfizer вакцинасын қашан ақылы салғызады?

Маңызды шешім қабылданды, Үкімет Pfizer-ді коммерциялық сегментке жіберуді қолдады. Қазір оның механизмі әзірленіп, орыны анықталып жатыр. Біз Қазақстанның барлық өңірінде вакцинаны алуға мүмкіндік беріледі деп жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер тегін екпе алып жатыр. Қалғандарына, халықаралық сапарға шығатындарға вакцинаны алуға мүмкіндік болады, — деді министр.

Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның құны әзірге белгісіз екенін айтты.

Бағасы анықталады, бұл коммерциялық сегмент. Белгілі бір бәсекелестік орта бар. 2021 жылдың аяғына дейін вакцина айналымға шығуы керек деп жоспарлап отырмыз, — деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, 2021 жылдың аяғына дейін Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаны өңірлерге жеткізу, екпе салу механизмдері мен орны туралы шешім қабылдайды.

Онда тізбектің барлық талабын сақтау өте маңызды. Бұл қазірдің өзінде тоңазытқыш қондырғылары, белгілі бір талаптары бар нысандарда болуы мүмкін, — деді министр.

Алексей Цой сонымен бірге Pfizer вакцинациясының қосымша жеткізілімі ұйымдастырылатынын айтты.

Ең бастысы, жеткізудің барлық тетікті, құқықтық мәселелер пысықталды. Бұл өте үлкен жұмыс болды. Енді қосымша келісімдер арқылы жеткізу көлемін кеңейте аламыз. Механизмнің өзі, сатып алу-жеткізу тетігі пысықталды. Бірінші партия келді, енді бұл вакциналарды Қазақстанға апта сайын жеткізу жоспарланып отыр, — деді Денсаулық сақтау министрі.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақстан азаматтарына Pfizer вакцинасын ақылы түрде салу ұсынысын қолдаған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да