Байзақтағы жарылыс: 56 адамға психологиялық көмек берілді

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігіне бағынысты шұғыл жағдайда психологиялық көмек көрсету бөлімінің жетекшісі Динара Жақыбекова егжей-тегжейлі айтып берді.

Біздің жұмысымыз жедел қызмет түріне жатады. Яғни төтенше жағдайға тап болған адамға шұғыл психологиялық көмек береміз. Жиі болатын төтенше жағдайлар – өрт пен жол-көлік апаты. Елімізде жылына шамамен 700 адам түрлі төтенше жағдайдан зардап шегеді. Жағдай әртүрлі. Мысалы, Жамбыл облысында болған төтенше жағдайды білесіздер. Жарылыстың салдарынан адамдар зардап шекті. Ол жерде біздің мамандар жергілікті халыққа психологиялық тұрғыдан көмек берді, – деді Динара Жақыбекова.

Бөлім жетекшісі жылына түрлі жағдайға тап болған 150-ден астам адамға шұғыл психологиялық көмек берілгенін атап өтті.

Жамбыл облысында 2 психолог маман жұмыс істедік. Жарылыс болған елді мекенде үйлерді аралап, тұрғындармен психологиялық әңгіме өткіздік. Ауруханаға түскен адамдар мен әскери бөлім қызметкерлеріне де психологиялық көмек ұсындық. Екі күннің ішінде 56 адамға шұғыл жағдайда психологиялық көмек қажет болды, –  дейді ол.

Еске салайық, осы жылы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болған еді.