Алматыда жастарға арналған қолжетімді баспанаға өтініш беру қашан басталады?

Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасында айтты.

Бақытжан Сағынтаев 15 қарашаның түн ортасында 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау басталатынын хабарлады. Өтінімдерді ағымдағы жылдың 20 қарашасында сағат 23.59-ға дейін беруге болады.

Өтінімдерді қабылдау www.almaty-jastary.info.сайтында жүргізіледі, сайтқа кіру өтініш берушілердің электрон-цифрлық кілттері бойынша жүзеге асырылады.

Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар: жасы – 29 жасқа дейін, Алматыда кейінгі екі жылдан кем емес тұрақты тіркелуі, кейінгі екі жыл ішінде Қазақстан аумағында тұрғын үйінің болмауы керек. Бұдан басқа, кейінгі 6 айда үміткерлердің ай сайынғы жалақысы 40 айлық есептік көрсеткіштен жоғары болуға тиіс – 116 680 теңге.

Қажетті құжаттардың, жиі қойылатын сұрақтардың тізбесі туралы толық ақпарат жоғарыда көрсетілген сайтта жарияланған.

Берілетін пәтерлер Наурызбай ауданындағы «Алма Сити-5» жаңа тұрғын үй кешені және Алатау ауданындағы «Мәдениет» тұрғын үй кешені орналасқан. Жалпы саны – 1 050 бір бөлмелі пәтер. Жалға беру мерзімі – ұзарту құқығынсыз 5 жыл.

Бұдан басқа, қалада жастарға «Алматы жастары 3.0» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама бюджеті – 18 миллиард теңге. Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 18 миллион теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 10%.

Осы бағдарлама бойынша жыл сайын 1 000 жас бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бүгінде «Алматы жастары 3.0» бағдарламасы бойынша 14,7 миллиард теңге сомасына 868 заем берілді.

Бағдарлама білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, БАҚ, әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін жастарға арналған. Сондай-ақ, оны жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері пайдалана алады.