“Алматы жастары” бағдарламасына қалай қатыса аламын?

Алматы жастары
Фото: Inform.kz

Биыл кезекті рет ұйымдастырылып отырған “Алматы жастары” тұрғын үй бағдарламасына бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінді. Қатысамын деп ниет білдірген азаматтар 10-31 наурыз аралығында өтініш тапсыруы керек. Қандай құжаттар қажет? Не талап етіледі? Baribar.kz тарқатып жазды.

1. Бағдарламаға кім қатыса алады?

“Алматы жастары” тұрғын үй бағдарламасына:

  • Денсаулық сақтау саласы;
  • Білім беру беру саласы;
  • Мәдениет саласы;
  • Спорт саласы;
  • Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері;
  • БАҚ өкілдері;
  • Әлеуметтік сала қызметкерлері;
  • Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатыса алады.

2. Тұрғын үй бағдарламасының шарттары қандай?

"Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасына биыл 18 миллиард қаржы бөлініп отыр. Бағдарлама 1000 адамды қамтиды. Әр қатысушыға 18 миллионға дейін қарыз беріледі.

Бағдарлама конкурсынан өткен адам "Отбасы банкіне" барып, банктің ішкі құжаттарына сәйкес төлеуге қабілетті екенін растауы қажет.

Бастапқы жарна -10%, пайыз мөлшерлемесі - 5%.

3. Талаптары қандай?

  1. Қатысушы Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек;

2. Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы қажет;

3. Ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана бағдарламаға қатыса алады;

4. Үміткердің және оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында тұрғын үй болмауы қажет, сондай-ақ оларға қатысты Қазақстан Республикасының аумағында кейінгі 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактілері тіркелмеуге тиіс. Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік бағдарламалар желісі бойынша алынған отбасының басқа мүшелерінің ортақ бірлескен меншігін құрайтын үлестік меншіктегі үлесі немесе жалға берілетін тұрғын үйі болмауы керек. Бұған бағдарламаға қатысушының немесе отбасы мүшелерінің кәмелетке толғанға дейін алған жылжымайтын мүліктегі үлесі және жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлерді алуы кірмейді.

5. Қатысушының денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО-лар және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала және құқық қорғау органдары салалары бойынша Алматыда міндетті зейнетақы мөлшерлемесімен кем дегенде 6 ай ішінде жұмыс өтілі болуы керек.

6. Мәдениет саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған қатысушылар Алматыда тіркелген, 1 жылдан кем емес мерзімде әрекет ететін жеке кәсіпкерлікке (бар болса) қатысты құжатын жібере алады.

Өтініш пен құжаттарды беру almaty-zhastary.kz сайтында электрон цифрлы қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Қолтаңбаны ХҚКО-нан немесе Egov.kz-тен алуға болады.

4. Қандай құжаттар жинау керек?

Қарастыруға өтініш пен құжаттарды тапсырған күннен кем дегенде 10 күнтізбелік күн бұрын рәсімделген мына құжаттарды сканерлеп тапсыру қажет:

  1. Үлгі бойынша өтініш. Өтініш үлгісін жүктеу;
  2. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің сканерленген куәлігі (балалардың туу, қайтыс болу, неке (ерлі-зайыптылықты) қию, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу);
  3. Өтініш беруші және барлық отбасы мүшелерінде Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің бар-жоқ екені туралы анықтама;
  4. Белгіленген үлгідегі ұйымның/мекеменің фирмалық бланкісінде анықтаманың берілген күнін, шығыс нөмерін, жұмысқа тұрған күнін мен қызметтік лауазымын көрсетіп берілген жұмыс орнынан анықтамасы. Ресми бланкі болмаған жағдайда, анықтамада ұйымның мөрлері болуға тиіс;
  5. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;
  6. БАҚ-қа есепке қою куәлігі (аталған талап журналистер саласының қатысушыларына қатысты).
  7. Қосымша (болған жағдайда) Алматы Мәдениет басқармасынан растайтын анықтамалар (құжаттар) (аталған талап мәдениет саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға қатысты);

5. Қатысушылардың балы қалай есептеледі?

Өтініш берушінің тіркелген некедегі әрбір жылы үшін - 2 балл;

1 баласы болса -1 балл,  одан кейінгі  әр балаға - 2 балл;

Осы саладағы өтілінің әрбір жылы үшін - 2 балл беріледі.

6. Өтініш беруші екі азаматтың жинаған баллы тең болса, кім өтеді?

Өтінім берушілерде балл тең болған жағдайда, өтініш пен құжаттарды ертерек тапсырған қатысушы өтеді.

7. Былтыр резервте болған азаматтар автомат түрде жолдама ала ма?

Былтыр "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасының өтініш пен құжат қабылдау кезінде резервке түскен азаматтар автомат түрде өте алмайды. Олар бағдарлама талаптары пен шартына сай құжаттарын қайта жинап, өтініш беруі керек.

8. Құжаттарды өткіздім. Келесі қадам қандай?

Порталдағы (almaty-zhastary.kz) кабинетте бас тарту туралы хабарлама келеді немесе "Отбасы банк" АҚ-да төлем қабілетін бағалауға жіберетін жолдама беріледі.

Жолдаманы алған өтініш берушілер 15 (он бес) жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін "Отбасы банк" АҚ-ның кез келген қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет.

Мекен-жай тізімін мына сілтемені басып, көре аласыз:

Өтініш берушілер "Отбасы банк" АҚ келмеген жағдайда Алматы әкімдігі жолдаманы жойып, тізім бойынша келесі қатысушыға жолдама беруге құқылы.

9. "Отбасы банк" АҚ-да төлем қабілетін бағалау үшін қандай құжат қажет?

  1. "Отбасы банк" АҚ-да төлем қабілетін бағалау үшін берілген жолдама;
  2. Клиенттің және клиент жұбайының жеке басын куәландыратын құжат (құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелері);
  3. Некеге тұру / Некені бұзу туралы куәлік / Қайтыс болу туралы куәлік (құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелері);
  4. Балалардың туу туралы куәліктері (құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелері);
  5. Барлық ұсталған ұсталған сома көрсетілген жалақы туралы анықтама (соңғы 7 немесе 13 айға);
  6. Е-gov.kz веб-порталынан клиенттің және оның жұбайының зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме (соңғы 6 немесе 12 айға);

Қосымша (болған жағдайда):

  1. Зейнетақы кітабы немесе зейнетақы куәлігі (құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелері);
  2. Зейнетақы мөлшері туралы ЕДБ карта шотынан үзінді көшірме немесе зейнетақы мөлшері туралы ЗТМО-дан анықтама;
  3. Шәкіртақы мөлшерін растайтын құжат;
  4. Біліктілікті көтеруге жолдама туралы бұйрық және қызметті сақтау туралы анықтама;
  5. Шоттан үзінді көшірме мен тұрғын үй төлемдерін алу туралы анықтама (6 айға және одан көп).

Банк қосымша құжаттар талап етуі мүмкін.

10. Ал жеке кәсіпкерлер "Отбасы банкке" қандай құжат өткізуі керек?

Мәдениет саласында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған қатысушылар табысын растау үшін "Отбасы банкке":

  1. ЖК қайта тіркеу туралы хабарлама, талон, бар болған жағдайда ЖК-нің мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі (түпнұсқа және көшірме);
  2. Қарыздың жоғы туралы салық органынан анықтама;
  3. Соңғы есепті жылға салық есебі (200 н., 240 н., 220 н.);
  4. Соңғы есепті жылға табысты көрсету мен кәсіпкерлік қызметке патент;
  5. Салық органының белгісі мен соңғы есепті жылға декларация (911.00 нысан) (құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелері);
  6. Кіші бизнес субъектілері үшін соңғы есепті жылға оңайлатылған декларация (911.00 нысан);
  7. Салық төлеуші салық есебін бергені туралы хабарлама (растау);
  8. Жылжымайтын мүліктің құқық белгілеуші құжаттары / ЖК және СЗЛ кәсіпкерлік қызметін жүргізу орындары және/немесе жылжымайтын мүлікті жалдау шарттарының көшірмелері/бизнес орындары (құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелері);
  9. Ағымдағы лицензия (аталған қызмет түрі лицензиялауға жататын болса (құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелері);
  10. Банктік шот бойынша үзінді көшірме;
  11. Жеке қызметті растайтын қолданыстағы шарттар/келісімшарттар (болған кезде) (құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелері);
  12. Болған жағдайда касса аппаратының деректері (банк маманының шығу уақытының алдындағы уақыт кезеңі үшін, өткен ағымдағы күн үшін);
  13. Несие өтінімін берген айдың алдындағы соңғы 3 күнтізбелік айға табыстар/шығыстар туралы жазбалар (осы тармақшаның 10), 11), 12), 13) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды беруге мүмкіндік болмаған жағдайда беріледі).

Банк қосымша құжаттар талап етуі мүмкін.

11. Төлем қабілетін бағалаған соң не болады?

Қатысушы төлем қабілеттілігі туралы банк рәсімінен өтпеген жағдайда, Әкімдік келесі қатысушыға тізім бойынша жолдама береді.

Ал қатысушы өтсе, өткені туралы хабарлама алған күннен бастап 45 (қырық бес) күнтізбелік күн ішінде тұрғын үйді таңдап, құжаттарды "Отбасы банк" АҚ-ға ұсынуға міндетті.

Қатысушы белгіленген мерзімде тұрғын үй ала алмаған жағдайда, Әкімдік келесі қатысушыға жолдама береді.

12. Жолдама алған адам тұрғын үйді қай жерден алуына болады?

Алматыда орналасқан бастапқы немесе қолданыста болған тұрғын үйді, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы қолданысқа енгізілген немесе салынып жатқан тұрғын үйді ("Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" АҚ-ның қатысуымен) ала алады.