Бұл туралы Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, бас репродуктолог Вячеслав Локшин айтты.
Биыл ЭКО арқылы дүниеге келген алғашқы қазақстандық бала 25-ке келді. Осынау 25 жылдық қысқа уақыттың ішінде елімізде 85 мың ерлі-зайыпты емдеуден өткен. Қазан айында ЭКО арқылы 25 мыңыншы бала өмірге келді. Бұл — өте маңызды оқиға деуге болады. Осы қысқа уақытта елімізде заманауи технологиялардың бәрі енгізілгенін айту керек. Оның арасында имплантация алдындағы генетикалық скрининг те бар. Яғни, бүгінде 5 күндік эмбрионның бүкіл хромосомаларын зерттеуге мүмкіндік бар. Осының арқасында патологиясы бар эмбрионды жатырға салмай тұрып диагностикалауға болады, — деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Оның айтуынша, қазіргі технологиялардың арқасында ерлердің белсіздігін емдеудің түрлі тәсілдері таралған.
Экобағдарламалар аясында жүргізілетін емнің шамамен 50% ерлердің сырқатымен байланысты. Жалпы, бала сүйе алмай жүгінгендердің 40% — әйел бедеулігі, 30% — ерлердің факторы, қалғанында екіжақты фактор кездеседі. Ерлер факторы «эко» жасатуға жиі себеп болады. Тоқсаныншы жылдары ICSI технологиясы пайда болғаннан бері жұмыртқа жасушасына бір ғана cперматозоид салу арқылы ұрықтандыруға болатыны дәлелденді. Соның арқасында белсіз деп танылған ерлердің көбі өз кіндігінен шыққан бала сүю мүмкіндігіне ие болып отыр. Қазір донордың ұрығына сұраныс сирек, — деді Вячеслав Локшин.