Ақтауда кафедегі жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды

Аталған факті Маңғыстау облысы полиция департаментінде ҚР ҚК 292-бабы (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша тіркелді, − деп хабарлайды Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Осыған байланысты оқиға орнында құқық қорғау органдарының барлық құрылымдық бөлімшелері, құрамында 150 полиция қызметкері бар патрульдік полицияның 44 экипажы жұмылдырылған.

Тергеу-жедел тобы жұмыс істейді. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Жарылыстың себебін уәкілетті органдар анықтайды, − делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Еске салайық, кеше, 7 қарашада сағат 21:20 шамасында 29 «а» шағынауданында қаладағы «Аянат» екі қабатты кафесінде белгісіз жағдайда жарылыс болып, нәтижесінде ғимарат қирады. Сонымен бірге жарылыстың салдарын анықтау үшін Маңғыстау облысы әкімінің басшылығымен жедел штаб құрылды.