«Абай» шахтасында метан газының жарылуынан 6 адам қаза тапты

Ведомстовның мәліметінше, 7 қараша күні, сағат 08.37-де Абайдағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Абай» КД шахтасында желдеткіш Штрек 3-К10 түбінде метан газы кенеттен жарылды.

Шахтада барлығы 64 жұмысшы болды. 56 адам бірден өзін өзі эвакуациялады. Оқиға орнында қалған 8 қызметкердің алтауы қайтыс болды, екеуі жарақаттанды (ақпарат анықталып жатыр).

Қазіргі уақытта оларды шахтадан шығарып алу жұмыстары жүріп жатыр. Өндіріс процесі тоқтатылды.

Төтенше жағдайды жоюға «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі республикалық орталық штабы» ЖШС ҚФ (15 қызметкер), Төтенше жағдайлар департаменті (3 қызметкер және 2 бірлік техника), Апаттар медицинасы орталығы филиалының (3 қызметкер және 1 бірлік техника) күштері мен құралдары жұмылдырылды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша оқиға орнына төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің басшылығымен комиссия бара жатыр.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қаза тапқандардың отбасына қажетті жәрдем берілетінін хабарлады.