Асқар Мамин Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді

Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ COVID-19 таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикалары үшін пандемия салдарын жою жөніндегі бірлескен шаралар қаралды.

Асқар Мамин екі елдің ұлттық экономикаларының белсенді қалпына келуі аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қатынастар мен инвестициялық ынтымақтастық дамуының жоғары қарқынын атап өтті.

Осы жылдың 8 айында елдер арасындағы тауар айналымы 14,7 миллиард долларға дейін 27% өсті.

2021 жылдың қорытындысы бойынша тараптар бұл көрсеткішті 20 миллиард долларға дейін жеткізуге ниетті. 2021 жылдың бірінші жартысында Ресейдің Қазақстан экономикасына тікелей инвестицияларының көлемі 17% артып, 704,9 миллион долларды құрады.

Ресей, Михаил Мишустин
Фото: Primeministr.kz

Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 10 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, бұл шетелдік қатысуы бар кәсіпорындардың жалпы санының 36,1%-і. Өнеркәсіптік кооперация саласында 1,7 миллиард доллар сомасына 8 бірлескен ірі жоба іске асырылып жатыр.

Ресей үкіметінің үйлестіру орталығында Асқар Мамин мен Михаил Мишустин көлік инфрақұрылымының озық дамуы, екі елдің транзиттік әлеуетін және аймақтық өзара көлік байланысын нығайту, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» дәліздері және Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі басқа да бағыттар шеңберінде нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевтің, Ресейдің көлік министрі Виталий Савельевтің, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың және «Ресей темір жолы» акционерлік қоғамының бас директоры – басқарма төрағасы Олег Белозеровтың баяндамалары тыңдалды.

Биылғы жылдың 9 айында Қазақстан мен Ресей арқылы Орталық Азия, Еуропа, Қиыр Шығыс бағыттарына 599,5 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 37% артық.

Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі 493,5 мың ЖФЭ (+38%) тең.

Ресей, Михаил Мишустин
Фото: Primeministr.kz

Келіссөзге Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және т. б. қатысты.