Қазақстанда 9 ұлттық оператор мәртебесінен айырылады

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында бұл өзгерістер жұмысты реттеуге мүмкіндік беретінін айтты.

Агенттік төрағасы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Келесі маңызды қадам – мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін реттеу. Бүгінде монополияны енгізу негіздерін Кәсіпкерлік кодекс мемлекеттік айқындайды. Сонымен қатар, Қазақстанда мемлекеттік монополия құрмай белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асыруға айрықша құқықтарды заңнамалық түрде беру практикасы қалыптасты. Іс жүзінде мемлекеттік және жеке операторлар деп аталатын балама институт құрылды. Біз 51 операторды анықтадық, оның 47-сі мемлекеттің қатысуымен құрылды. Енді оларға мемлекеттік монополия субъектілеріне қолданылатын құқықтық шектеу режимі қолданылуы керек, − деді Серік Жұманғарин.

Серік Жұманғариннің дерегінше, құқықтық шектеулер аясында ірі операторлардың бейімдігінен тыс қызметті жүзеге асыруына тыйым салу, сонымен бірге конкурстық іріктеу және қызметтің жариялылығы сияқты шаралар талап етіледі.

Ең бастысы, операторлардың санын азайту қажет. Қазір 9 оператор бойынша түбегейлі шаралар қабылданады. Олар заң жобасы қабылданғаннан кейін мәртебесінен айырылады. Осыдан кейін Үкімет 4 субъектіні жекешелендіру мерзімін белгілейді. Оның екеуі жеке меншікте және үшеуі ведомстволық бағынысты ұйым ретінде жұмысын жалғастырады. 18 оператор бойынша реттеу талап етілмейді, себебі олар қоғамдық қызметтерді жүзеге асырады және пайда алмайды. Қалған 24 оператор бойынша қатаң монополияға қарсы реттеуді қамтамасыз ету ұсынылды, − деді агенттік басшысы.