Еліміздегі әуежайларда авиаотын тапшы

Операторлар соңғы екі айда әуежайға 14 мың тонна керосин жеткізуі тиіс еді. Енді Air Astana-ны қоспағанда, Қазақстанда барлық авиакомпания проблемаға тап болды. Солардың бірі – SCAT компаниясы авиациялық керосин тапшылығы Н.Назарбаев әуежайында ғана емес, республиканың басқа өңірлерінде де туындап отырғанын мәлімдеді.

Еліміздің үш қаласында жағдай ушығып тұр. Компанияның Ақтаудағы авиациялық отын қоры таяудағы төрт күнге ғана, ал Ақтөбе мен астана әуежайында екі күнге жетеді, – делінген SCAT компаниясының хабарламасында.

Белгілі болғандай, ұшу толықтай кестеге сәйкес жүргізіледі. Бірақ, бүгін компанияның әуежайларда отын қоры аяқталуға жақын. Әуе кемелерінің авиациялық керосинге тапшы болып отыруының себебі өндіру көлемі едәуір төмендеген. Авиатасымалдаушының қажетті норманы толық ала алмағаны өз алдына, әуе отынына баға шарықтап кеткен. Компанияның басына түскен жағдай әуе тасымалдаушыларға тікелей әсер ететінін SCAT компаниясы жасырмайды.

Ең жаманы, ұшу кестесінің орындалмауымен қатар, билет бағасының айтарлықтай қымбаттауына яғни 40%-ке дейін өсуіне алып келеді. Сайып келгенде, жолаушылар зардап шегеді. Қазіргі уақытта шетелдік экспорттаушылардан авиациялық отын сатып алуды да қамтамасыз ету мүмкін емес. Жеке нарықтарда қажеттілік айтарлықтай жоғары. Қалыптасқан жағдайда республиканың авиация нарығының барлық субъектілеріне авиациялық отынды үздіксіз жеткізу үшін Үкіметтің шұғыл араласуы талап етіледі, – делінген хабарламада.

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз хатшысы Әнуар Шалекеновтің айтуынша, Қазақстанның ірі ресурс ұстаушылары мен жеткізушілері авиаотынды уақытылы жеткізе алмай отыр, бұл қазіргі уақытта әуежайдың өңірлік көлік торабы ретінде қалыпты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізіп жатыр.

Қазір Ресей Федерациясының өнім жеткізушілері бірқатар себептерге, оның ішінде ішкі сұраныстың артуына байланысты Қазақстанға авиаотын жеткізуден бас тартты. Қараша айында бірде-бір жеткізуші авиаотын көлемін растамады. Жаңа келісімшарттар бойынша ең жақын арадағы жеткізу 15 қарашада болуы мүмкін. Біз жүк рейстеріне жанармай құюға шектеулер енгіздік және жақында оларды мүлдем қабылдамауға мәжбүр боламыз. Содан кейін бұл авиакомпанияларды Қазақстанға кері қайтара алмаймыз, – дейді Әнуар Шалекенов.

Елорда әуежайы мен SCAT әуе компаниясының авиаотын жетіспеушілігіне қатысты мәлімдемелеріне байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеме жасады.

Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жұмыстарына байланысты авиа отынның ішкі нарығында әуежайлар мен әуе компаниялары үшін авиакеросин өндіруге және қамтамасыз етуге байланысты белгілі бір қиындықтар бар.  Дегенмен тұрақты жолаушылар және жүк рейстері үздіксіз қамтамасыз етілді. Энергетика министрлігімен бірлесіп, зауыттардан, жеке компаниялардан, «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-дан ПМХЗ жұмысын қайта бастағанға дейін әуе компаниялары мен әуежайларға отын жеткізу кестесін әзірледі. Қазан айының соңына дейін мұнай өңдеу зауыттары екі мың тонна авиаотын шығарады. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы үшін қосымша отын бөлінеді. Сондай-ақ, SCAT әуе компаниясына Шымкент мұнай өңдеу зауытынан қосымша авиакеросин жеткізу жоспарланып отыр, – делінген министрліктің мәлімдемесінде.

Министрліктің мәліметінше, елорда әуежайында 3,1 мың тонна авиакеросин бар. Жақын күндері 3,9 мың тонна (3 мың тонна – «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС, 0,7 мың тонна – «Петросан» ЖШС, 0,2 мың тонна – East fuel) жеткізу жоспарланып отыр. Алматы әуежайындағы отын қалдығы – 5,4 мың тонна. Тағы 4 мың тонна жөнелтілген. 5,8 мың тоннаға келісімшарт жасалды.

Air Astana әуе компаниясында 7,4 мың тонна, SCAT әуе компаниясында 1,7 мың тонна отын қалған. 1,5 мың тоннаға келісімшарт жасалды, – делінген министрлік мәлімдемесінде.

SCAT әуе компаниясы жоғарыда туындаған тапшылыққа байланысты бағаның өскенін де атап өткен еді. Министрлік мәлімдемесінде әуе отынының құнына қатысты пікір айтылған жоқ.