Бокстан әлем чемпионаты: Сәкен Бибосынов Олимпиада чемпионын жеңді

Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.

51 келі салмақта Сәкен Бибосынов пен Өзбекстан өкілі, Рио Олимпиадасының чемпионы Хасанбай Досматов кездескен болатын. Тартысты жекпе-жекте 5:0 есебімен Сәкен Бибосынов жеңіске жетті. Осылайша, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов азулы қарсыласын жеңіп, келесі айналымға өтті, — делінген хабарламада.

Келесі жекпе-жекте Сәкен Бибосынов үндістандық боксшы Дипакпен жұдырықтасады.

Айта кетейік, бұған дейін үш қазақстандық боксшы алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізді. 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Серік Теміржанов алғашқы жекпе-жекте моңғол боксшысы Энх-Амар Хархууды жеңді.

Команда капитаны Абылайхан Жүсіпов (67 келі) тайбэйлық Линь Юды айқын басымдықпен жеңсе, Нұрқанат Райыс (75 келі) Черногориядан келген Стефан Савковичті ұтты.

Сербия астанасына қазақстандық 13 боксшы аттанды.

Олар:

  • Теміртас Жүсіпов (48 келі);
  • Сәкен Бибосынов (51 келі);
  • Махмұд Сабырхан (54 келі);
  • Серік Теміржанов (57 келі);
  • Саматәлі Төлтаев (60 келі);
  • Санатәлі Төлтаев (63,5 келі);
  • Абылайхан Жүсіпов (67 келі);
  • Асланбек Шымбергенов (71 келі);
  • Нұрқанат Райыс (75 келі);
  • Нұрбек Оралбай (80 келі);
  • Бек Нұрмағанбет (86 келі);
  • Айбек Оралбай (92 келі)
  • Нұрлан Сапарбай (+92 келі).

Әлем чемпионатының сыйақы қоры — 2,6 миллион АҚШ доллар.

Алтын медаль алғандар 100 000 долларға ие болады. Күміс медаль үшін 50 000, ал қолаға 25 000 доллар беріледі. Чемпионат 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді.