Нұр-Сұлтанда жол апатынан кейін қашып кеткен күдікті ұсталды

30 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда жол апатынан қайтыс болған 5 адамға қатысты фактілер белгілі болды.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтанда болған сол оқиғаның мән-жайына қатысты сауал қойылды.

Жол-көлік оқиғасы қоғамды бейжай қалдырмады. Қазіргі таңда қаланың полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Нақты айтқанда, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-тармағына сәйкес жол ережесін бұза отырып, 2 немесе одан да көп адамның өліміне себеп болу және 347-баптың 1-тармағына сәйкес оқиға орнынан кетіп қалуға қатысты тергеу жүріп жатыр. Апат орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды. Күдікті деп танылған 19 жастағы елорда тұрғыны бүгінде 2 айға уақытша қамауға алынды. Жол апатының уақытына келсек, ол бізде нақты тіркелген. Түнгі сағат 00:18-де болған. Бұл – біздегі ресми дерек, –деп жауап берді ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжан Әбілов.

Еске салайық, жол-көлік апаты 30 қыркүйек күні түнде болды. Toyota Camry автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісі Есіл өзенінен өтетін көпірден Сарайшық көшесіне қарай жүріп келе жатып, жылдамдық режімін сақтамаған. Жол апаты салдарынан бес адам қаза тапты.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз