Бағдат Мусин көлікке арналған VIP нөмірлер тізімін кеңейтуді ұсынды

Бұл туралы Бағдат Мусин мәжілісте мемлекеттік қызмет көрсету процесін жақсарту туралы үкімет сағатында мәлімдеді.

Ішкі істер министрлігімен бірлесіп заңнамамен бекітілуге тиіс, сұранысқа ие нөмірлерді ұлғайту мәселесі пысықталды. Осыған байланысты бізді қолдауды сұраймыз. Өздеріңізге мәлім, бізде түрлі нөмір белгілері қатты танымал. Бюджетке ақша төлеп, сатып алуға болатын нөмір белгілері бар, мысалы, 777. Әлі реттелмеген нөмір белгілері де бар. Міне, біз олардың тізімін заңнамалық тұрғыдан бекітіп, сатып алуға мүмкіндік жасағымыз келеді, — деді министр.

Ведомство басшысы қазір Egov порталын монополиясыздандыру жұмысы жүріп жатқанын, мемлекеттік қызмет көрсететін алаңдар саны кеңейтілетінін айтты.

Атап айтқанда, қазір Egov порталынан бөлек, қазақстандықтар Kaspi.kz, Homebank қосымшалары арқылы көлігін тіркей алады.

Бағдат Мусиннің айтуынша, мұндай мүмкіндік процесті барынша оңтайландыруға және автоматтандыруға, сонымен бірге адамдардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік берді.

Бұл жағдайда автокөлік сатып алушыға да, сатушыға да өтінім беру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезек күтудің қажеті жоқ. Мұндай әдістер карантин кезінде айрықша маңызды, — деді ол.

Министрліктің ақпаратынша, қыркүйек айының қорытындысы бойынша авткөлікті тіркеу және қайта тіркеу 167 мың транзакцияны құрады, оның ішінде онлайн рәсімдеу үлесі 36%-ке дейін ұлғайды.