Жақында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі халықты ревакцинациялау жөнінде шешім қабылданғанын хабарлады. Вакцинаның үшінші дозасын бірінші кезекте 60 жастан асқан адамдар мен өздігінен зерттеуден өткен және коронавирусқа қарсы антиденелерге теріс тест нәтижесі бар адамдар салдырады.
Ревакцинация не үшін қажет?
Вакцина салғаннан кейін ағзада шамамамен үш апта өткенде коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болады. Антидене вирусты анықтап, оған қарсы қалай күресу керегін біледі. Алайда уақыт өткен сайын ағзадағы антидененің мөлшері азайып, вирусқа қарсы қорғаныс нашарлайды. Мұның алдын алу үшін тағы екпе алу керек.
Бұған қоса, вакцинаны қайта салдыру В-лимфоцит, Т-лимфоцит және Т-жад жасушасын түзіп, вирустың әртүрлі штамымен күреседі.
Қай вакцинаны алған соң ревакцинация керек?
Кез келген вакцинаны алғаннан кейін ревакцинация қажет. Қазақстанда вакцина алғандардың басым бөлігі «Спутник V»-ді салдырған. Бұл вакцинаның екінші дозаны алған соң 9 айдан кейін үшінші компонентін салдыруға болады. Ал Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in вакцинасын салдырғандар 6 айдан кейін ревакцинациялауға рұқсат етілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ревакцинацияны кем дегенде жарты жылдан соң салдыру керегін айтады. Одан ерте салдыру денсаулыққа зиян болуы мүмкін.
Коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсы аяқталғаннан кейін 6-9 айдан кейін қосымша дозаны енгізу ұсынылады дедік, бұл ретте:
- векторлық (Спутник) вакциналармен екпе алған адамдар 9 айдан кейін инактивацияланған (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе м-РНҚ вакцинасымен (Pfizer) ревакцинацияланады;
- белсенділігі жойылған вакциналармен (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) вакцинация алған азаматтарға векторлық (Спутник) немесе м-РНҚ вакцинасымен (Pfizer) 6 айдан кейін ревакцинацияланады;
- М-РНК вакцинасымен (Pfizer) вакцинация алған адамдарға 6 айдан кейін белсенділігі жойылған (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе векторлық (Спутник) вакцинамен ревакцинацияланады;
- вакцинация курсынан толық өткен коронавируспен ауырған адамдар сауыққаннан кейін 3 айдан соң ревакцинацияланады.
Ревакцинация қашан басталады?
Ревакцинациян 2021 жылдың қарашасының III онкүндігіне жоспарланған. Өйткені Қазақстанда вакцинаны алғаш ақпан айында сала бастады.
Ревакцинациядан бас тартқандарға қандай да бір шара қолданыла ма?
ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың айтуынша, ревакцинацияны өтпегені үшін қандай да бір қосымша шектеулер қарастырылып жатқан жоқ. Ревакцинация процедурасының өзі көп жағдайда алдын ала белгіленген топтар арасында өтеді. Бұл санатқа халықтың денсаулығы осал топтары жатады. Сонымен бірге ағзадағы антидененің талдауы теріс нәтиже көрсеткен адамдар ерікті түрде ревакцинация жасай алады.
Маман не дейді?
The Lancet ғылыми журналы әлемдегі ревакцинация жайлы зерттеу жұмысын жариялады. Зерттеуде вакцинацияның алғашқы компоненті коронавирустан қажетті деңгейде қорғайтыны айтылып, үшінші дозаны уақыт өте иммун қорғанысы әлсірейтін 65 жастан асқан егде кісілер мен иммунитеті әлсіз адамдарға алуға кеңес берген.
Осыған қатысты биомедициналық және медиктік-демографиялық зерттеулер, халықаралық денсаулық сақтау және ауруханалық басқару саласында 30 жылдық тәжірибесі бар медик-ғалым Алмаз Шарманның пікірін білдік.
Вакцинаның кез келген ББҚ не дәрі-дәрімек секілді жанама әсері бар. Ал оны көп дозада салғанда — мРНҚ-вакцинадан соң миокардит, ал векторлық вакцинадан соң Гиийна-Барре ауруы пайда болуы мүмкін. Алайда бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Дүниежүзінде 6 миллиардтан астам вакцина салдырып, өзінің еш қауіпсіз екенін дәлелдеп отыр. Үшінші доза қауіпсіздік жағынан еш әсер етпейтін сияқты. Қазақстанда вакцинаның жеткілікті мөлшеріне қарамастан екпе алғандар саны өте аз. Оның үстіне халықтың 60%-тен астамы әлі вакцинаның бірде-бір дозасын салдырмаған. Біз үшін вакцина алған аз адамды ревакцинациялаудан қарғанда, әлі екпе алмағандарды вакцинациялаған дұрысырақ. Мысалы, АҚШ пен Данияның көп аймағында халықтың 80%-і вакцина салдырған. Осыдан келіп, олар ревакцинация мәселесін көтеруге құқылы. Кейбір БАҚ жиі вакцинациялау аутоиммундық ауруға шалдығатындар санын көбейтетіні жайлы жазыпты. Алайда ғалымдар аутоиммундық не өзге де иммундық ауруы барларға вакцинаның үшінші дозасын салуға кеңес береді. Өйткені олар иммунитет қажетті деңгейде қорғай алмайды. Ревакцинациялау үлкен деңгейде әсерін бермейді. Оның орнына барынша көп адамға вакцинаның екі дозасын салу маңызды. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мүмкіндігінше көп адамды вакцинациялап қана ревакцинация мәселеcіне келуі қажет, — дейді Алмаз Шарман.
Айта кетейік, 17 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 8 029 779, екінші компонентін 7 128 454 адам салдырды.
15 қазанда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда шығарылмайтын коронавирусқа қарсы вакциналар алдағы уақытта ақылы болатынын айтты. Қазіргі кезде елімізде коронавирусқа қарсы екі вакцина — QazVac пен «Спутник V» шығарылады. Ал Vero Cell мен CoronaVac сырттан жеткізіледі. Жақын арада Pfizer вакцинасын жеткізу жоспарланып отыр.
Айбар Рысдәулет