Министр коронавирусқа қарсы вакциналар ақылы болатынын айтты

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте тілшілер ревакцинация кезінде қолданылатын вакциналар туралы сұрады.

Сіз Facebook-та ревакцинацияға қатысты ұсыныс жасадыңыз. Оған сәйкес, 2022 жылдан бастап Қазақстанда өндірілген вакциналар қолданылады. Сонда келесі жылы қазақстандықтарға ревакцинация және жоспарлы вакциналау үшін тек QazVac пен Спутник V ғана қолжетімді бола ма?, — деді журналистер.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда шығарылатын вакциналар кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алынатын болады. Ал басқа екпелер ақылы түрде салынады.

Біз өз вакцинамызды шығара аламыз. Оның клиникалық тиімділігі дәлелденген. Ол вакцинаны кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алатын боламыз. Бірақ басқа вакциналар тұмау мен басқа да екпелер сияқты коммерциялық айналымда болады. Адамдар ол вакциналарды ақылы түрде салдыра алады, — деді  Алексей Цой.

Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстанда коронавирусқа қарсы екі вакцина — QazVac пен Спутник V шығарылады. Ал Vero Cell мен CoronaVac сырттан жеткізіледі. Жақын арада Pfizer вакцинасын жеткізу жоспарланып отыр.