Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Дүниежүзілік психикалық денсаулық федерациясының бастамасы бойынша 1992 жылдан бастап жыл сайын 10 қазанда атап өтеді.
Биыл Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні «Психикалық денсаулық туралы қамқорлық барлығына: оны шындыққа айналдырайық» ұранымен өтеді.
Қуаныш Алтынбековтың айтуынша, елімізде 17 аймақтық психикалық денсаулық орталығы, қалалық емханалардың құрылымында 82 алғашқы психикалық денсаулық орталығы, аудандық деңгейде 201 психикалық денсаулық бөлмесі жұмыс істейді.
2018 жылға дейін психиатр дәрігерлердің қабылдауы тек психиатриялық ұйымдарда жүзеге асырылатын. 2021 жылдың 9 айында адамдардың алғашқы психикалық денсаулық орталықтары мен психикалық денсаулық бөлмелеріне көмекке жүгіну саны 297 464-ке жетті. Көріп отырғанымыздай, халыққа көрсетілетін көмек бұрынғыдан қолжетімді бола түсті, бұл психикалық денсаулық саласында науқасқа бағдарланған көмек көрсету үлгісін жетілдірудің арқасы, — деді ол.
Сонымен бірге Қуаныш Алтынбеков психикалық денсаулық орталықтарында психикалық ауытқуы бар адамдарға 735 төсек-орынға арналған 16 күндізгі стационар жұмыс істейтінін айтты. Оның айтуынша, балаларға көмек көрсетуді қолжетімді етуге үлкен көңіл бөлініп отыр.
Кейінгі жылда 65 төсек-орынға лайық балаларға арналған 3 күндізгі стационар бөлімшесі құрылды; Қарағанды облысы мен Шымкентте ауысымына 20 көмекке жүгінуді қамтитын балаларға арналған екі медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі ашылды. Оған қоса денсаулық сақтау ұйымдарында балалар психиатрларының саны артты, бұл көрсеткіш 2017 жылғы 65-тен 2020 жылы 97-ге дейін жетті, — деді бас директордың міндетін атқарушы.
Дәрігерлік кадрлар бойынша 2021 жылы 124 психиатр дәрігер резидентураны аяқтап, денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеуге кіріскен.