Білім министрі үш ауысымды мектептер мәселесі қашан шешілетінін айтты

Ведомство басшысы Bilimdi ult ұлттық жобасының үшінші міндеті – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім берумен қамтамасыз ету екенін айтты.

Оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 2025 жылға қарай мың мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Нәтижесінде үш ауысымды мектептерді толығымен жою күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда орналасқан 5 000 мектеп жаңғыртылады. Бұл жұмыстың аясында балаларға қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау, жоғары жылдамдығы бар интернетпен қамтамасыз ету, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханаларын және асханаларын жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі, — деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, мектептердің 90%-і пәндік кабинеттермен және 100%-і қауіпсіз кіру, күзет және бақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау үшін ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу нормативін 50 мың бала бір орталық есебінен жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде 43 орталық ашылады, — деді министр Үкімет отырысында.

Асхат Аймағамбетов ерекше балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қызметпен қамту бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатынын айтты.