Ұлттық экономика министрі инвестиция көлемі қай өңірлерде өскенін айтты

Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында айтты.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларында ел экономикасының өсу көрсеткіші 3,4% артты. Осы кезеңде қызмет көрсету секторындағы динамиканың жандануы, нақты сектордағы өсу қарқынының сақталуы, сауданың нығаюы, өндіруші емес секторларда жоғары инвестициялық белсенділік байқалып отыр. Қаңтар-қыркүйекте нақты сектордағы өсім 3,5%-ке тең. Қызмет көрсету секторында іскерлік бенсенділік 2,9%-ке дейін өсті. Сонымен бірге ақпарат және байланыс, сауда, құрылыс, су және электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсімді көрсетіп келеді, — деді министр.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығында да оң өсім байқалып отыр.

Экономикалық өсімнің маңызды факторы ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып отыр. Оның ішінде қомақты инвестицияларды өндіруші емес салаларға тарту байқалуда. Биылғы жылдың 9 айында тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 15,1%-ке тең, — дейді ұлттық экономика министрі.

Ведомство басшысының айтуынша, инвестиция құрылыс саласында 1,3 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 80,6%, саудада 37,8%, ауыл шаруашылығында 36,7%, ақпарат және байланыста 14,3%, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 18,9% және қаржы саласында 15,6% өскен.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент пен Алматыда, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалып отыр, — деді Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында.