Әсел Сарқыт:

Baribar.kz мен үшін «бірінші», «алғашқы» ұғымымен сәйкес келеді. Еңбек кітапшам осы жерде ашылды. 2016 жыл. Сайттың аты әлі «Сұрақ-жауап» болып тұрған кезі. Ұжым енді құрылып жатыр, әзірше тілшілерден тек Ақжарқын Қыдырханова және фотограф Балжан Балташева бар. Ақжарқын екеуіміз әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті қалашығындағы кішкентай ғана кеңседе, үлкен бір үстелдің екі жағында отыратынбыз. Осында директор Ербол Серікбайдың бастамасымен алғашқы үлкен жоба — «50 жас кәсіпкерді» қолға алдық.

Мақсатымыз өз ісін құрып, сол арқылы қоғамға пайдасы тиетін, басқаларына жұмыс беріп отырған жас кәсіпкерлерді таныту еді. Бірінші кейіпкеріміз аспап шебері Алмас Мұстафа болды. Өте қатты қобалжыдым. «Қалай болады», «Қай сұрақты қайсынан кейін қою керек», «Кейіпкерді аша алмасам не болады?» деп қорықтым. Сол кезде диктофонға 3 сағаттық аудио жазып алыппын, екі күн жүріп компьютерге түсіргенім есімде. Кейін, әрине, кейіпкер тізімі артты. Сан түрлі сала, бір-біріне ұқсамайтын кәсіпкерлер… Жобамыз танымал бола бастады. Оқырмандар арасында да осы 50 жас кәсіпкердің қатарына ілігуді мақсат ететіндер пайда болды. Осының бәрі бізге қанат бітіретін. Біреу оң пікір жазса, басқа сайттар бөліссе, төбеміз көкке жеткендей қуанатынбыз.

Кейін ұжым да өсе бастады. Жобаларымыз да көбейді. «Жас ғалым», «Әке мен бала» сияқты айдарлар ашылды. Бұған қоса, танымдық қаншама материал шықты. Осында адами және кәсіби тұрғыда бірталай тәжірибе жинадық. Қызық тақырып, кейіпкер табуды, адамдармен тіл табысуды үйрендік. Бірінші рет қалааралық, халықаралық іссапарға шықтық. Медиалабораторияға қатысып, қазылар алдында жоба қорғауды үйрендік. Бірінші «фейл» де осы сайтта жүргенде болды. Сол кездегі эмоциялар, ұжымның қолдауы… тізе берсе, естелік көп. Baribar.kz мен үшін осындай үлкен мектеп болды. Жан-жақты дамуыма жол ашты. Қазір де сондай ыстық. Әр жобасына, ұжымдағы әр тілшіге тілекшімін. Қазақ тілінде сапалы контент өндіретін бірден-бір үлкен медиа алаңға айналатынына сенемін. 11 жылдық құтты болсын!

Baribar.kz редакциясы
Baribar.kz ұжымы 2017 жылдың тамызында. Фото: The-steppe.com

Дана Маратова:

1-курсты бітіргенде өзімнен екі курс жоғары оқыған Әсел Сарқыт Szh.kz сайты тәжірибеден өтуге журфак студенттерін қабылдап жатқанын айтты. Екі айға жуық уақыт барып, тапсырма бойынша материал дайындап жүрдім. Оқушы кезімде сайттың «Сұрақ-жауап» бөліміне жиі кіретінмін. Ал ақпараттық портал функциясы жаңадан қосылып жатыр екен. Ақпарат жазуды алғаш осы жерде үйрендім. Әсел Сарқыт, Ақжарқын Қыдырхановалармен «50 жас кәсіпкер», «Жас ғалым» жобаларын жасадық. Алғашқы материалымды қазіргі бас редактор Дінмұхамед Зиядин тексеріп, көп нәрсе үйретті. Оқушы кезден «Ұлан» газетіне мақала жазып жүргеніммен, ақпарат жазудың стилі мен тәртібі басқа екенін осында жүріп үйрендім. Ресми шаралардан хабар тарату, клиентпен байланыс орнату бойынша тәжірибе жинадым.

Baribar.kz — нағыз студенттер мен жастар тәжірибе жинайтын орын. 19 жасымнан бастап екі жыл жұмыс істедім. Әлі күнге дейін сол жердегі атмосфераны, еркіндікті сағынамын. Baribar.kz маған еркін ойлауға, еркін жазуға, дамуға мүмкіндік берді.

Cол кезде командалық күшті рухты сезіндім. Материалдарды жарияламас бұрын әуелі бәріміз оқып, ойымызды айтамыз. Әр аптаның сейсенбісінде директор Ербол Серікбай бізді киноға жіберетін. Бас редактор Болатбек Мұхтаров болған кезде жұмыстан тыс уақытта айналысатын әдемі әуестігіміз көп болды.

Baribar.kz-ке тек жұмыс орны ретінде қараған емеспін. Өзімізді команда, отбасы сезіндік. Өзім де, редакцияның әрбір мүшесі де еркін болды. Қандай мақала жазғың келеді, қандай жобаны қолға алғың келеді — бәрін ашық айтатынбыз. Кейін басқа жерлерде коммерциялық жобалар бойынша да жұмыс істеп көрдім, медиа жоспары бойынша берілген тапсырмаларды ғана орындауың қажет. Baribar.kz бізге барынша еркіндік бергені үшін рақмет айтамын. Туған күн құтты болсын!

Айзада Жайыққызы:

Мұндағы жұмысым «Сұрақ-жауап» сайтынан Baribar.kz порталына айналып жатқан кезбен тұспа-тұс келді. Ең алғашқы ұжым болдық. Сонысымен де қызық. Редакцияда тек жастар болды, сол себепті мұнда еркіндік сезілді.

Baribar.kz маман болып қалыптасуыма көп көмектесті. Медицина бойынша материалдар дайындап, осы салаға маманданып шықтым деп ойлаймын. Сайтты қазір де оқимын. Қазақша медиа-порталдардың ішінде ең үздігі деп айта аламын. Осы себепті мұнда жұмыс істегеніме мақтанамын.

Болашақта Baribar-ды тек ақпараттық портал ретінде емес, күнделікті өмірде өмірге қажет барлық затты табуға болатын интернет-дүкен ретінде де елестетемін. 11 жылдық құтты болсын! Бәріне шығармашылық табыс тілеймін!

Baribar.kz редакциясы
Baribar.kz редакциясы 2017 жылдың тамызында. Фото: The-steppe.com

Болатбек Мұхтаров:

15 жыл журналист болғаннан кейін бұл салада біраз тәжірибем бар деп ойлаппын. Қателескен екем. Түк білмейтін болып шықтым. Baribar.kz медиадағы, редактурадағы жаңа тәжірибе, жаңа кезең болды. Оны бірден түсінген жоқпын. Кейін түсіндім. Алғашқы айлар сол «көпті көрген» адамға тән көзқараспен, бұрынғы тәжірибеге сенумен өтті. Бір күні бәрі өзгеріп сала берді. Бұл – басқа кезеңнің журналистикасы, басқа буынның ойы, үні, сөзі екенін ұғып, мойындауға, тіпті бұл ортадан ә дегеннен бірдеңе үйренуге кірісіп кетпегеніме өкінуге тура келді. Бұл – миымда болған өзгеріс, оны бұдан әрі нақтылап айта алмаймын, бірақ сөзбен сипаттау керек болса, осылай. Рас.

Редакцияға келгенде ең әуелі қолға алған ісім «қазақша қызық, пайдалы, керек контент өндіретін медиа болу аз, бұл мына өмірге, оқиғаға, құбылысқа, ақиқатқа көзқарасы, қатынасы, ұстанымы ерекше айқындалған, жүйеленген, қисындалған, саяқ, сергек орта болуы керек» дегенді іске асыру болды. Неге екенін білмеймін, солай болуы керек деп түйдім, солай әрекет еттім. Шынында ол онсыз да сондай орта еді – тек редакция журналистері соны түсіне отырып әрекет еткені керек болды, ақыры осылай жұмыс істеу сырт көз байқайтын нәтиже берді.

Бұл жобаның тұжырымдамасы о баста қалай жасалғанын білмеймін. Келешекте шығармашылық жұмыс «саяқ, сергек, дербес, бірегей медиа» принципі бойынша жетіле түседі деп сенемін. «Бәрі де бар» орта болу бүгінге дейін миссиясын атқарды, енді нарық жайдақтыққа, жадағайлыққа ұрындырмайтын мазмұнды талап етеді. Редакция бұл мәселені сәтті шешеріне тағы сенемін. Үлкен құрылымдық өзгеріс болса, оны да еш қиналмай бастан өткерсін деймін. Ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілеймін!

Бәрібар
Baribar.kz редакциясы 2018 жылдың қазанында. Фото: Айгүл Хожантаева

Аида Зайнуллиева:

Университетте Baribar.kz-ті жиі еститінмін. 2018 жылы 4-курс оқып жүргенде дипломалды практиканы өту үшін осы ұжымды таңдадым. Редакцияда қалай жұмыс істеу керек, материал қалай жазылуы қажет — бәрін осы практика кезінде көріп-білдім. Сайтты қазақша контент бойынша өзіме көп нәрсе үйрете алатын медиа ретінде қабылдадым. Университте оқып жүргенде де, оқуымды бітіргеннен кейін де басқа сайттарда жұмыс істедім, бірақ Baribar.kz сияқты көп нәрсе бере алатын, жаңа нәрсені үйрете алатын медианы таба алмадым. Сөйтіп мұнда вакансия бар екенін біліп, осында қайта келдім, жұмысқа орналастым.

Журналистикадағы көп түсінікті игеруіме, маман болып қалыптасуыма Baribar.kz-тің көмегі зор болды. Жоғары оқу орнында алған білімнің бәрін осы ұжымда практика жүзінде сынап көрдім. Осы себепті медиа саласындағы аз ғана тәжірибемде бұл редакцияны алатын орны зор. Ең бастысы — білімді әріптестермен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Өте жақсы адамдармен таныстым. Білікті мамандарды тани білдім, оның ішінде сол кездегі бас редактор Болатбек Мұхтаров бар. Ол мәтінмен жұмыс істеудің қыр-сырын, қазақ тілінде жиі кездесетін қателерді жібермеуді, қазақша ойлауды үйретті.

Осында қызмет етіп жүріп, өте қызық адамдармен, мамандармен, кейіпкерлермен таныстым, сұхбаттастым. Соның ішінде өзіме баға жетпес тәжірибе — Геннадий Головкинмен кездесуім. Ол қатысқан баспасөз конференциясына журналист ретінде барып, конференциядан хабар тараттым. Бұл үлкен тәжірибе болды. Сосын калифорниялық құрттар көмегімен бірнеше күнде жарты келіге де жетпейтін қоқыс шығаратын және целлофаннан түбегейлі бас тартқан Беляковтар отбасымен таныстым. Бұл отбасы өте керемет әсер сыйлады. Экология бойынша материалдар жазуға, осы тақырыпқа қызығуыма себеп болды.

Ерекше әсер еткен тағы бір адам — Александр Крайнов. Ол сол кезде «Яндекстің» компьютердің көруі және машина интеллекті технологиялары бағытының жетекшісі болды. Бұл өзімнің әлі де талай білім жинауым керегін және көп нәрсені үйренуім қажет екенін түсіндірген сұхбат ретінде есте қалды.

Әлі күнге дейін сайттағы материалдарды оқып отырамын. Әйтпесе, өзімді көп нәрседен қалып қойғандай сезінемін. Редакцияны 11 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Командаға сәттілік тілеймін. Сіздерді қазақша сапалы контент өндіріп жатқан, қоғамның сауатты болуына, ақпараттан қалыс қалмауына көмектесіп жатқан медиа, маман деп білемін. Осыны бағалайтын, сауатты оқырман көп болсын. Қоғамды өзгертуге, кез келген жастағы оқырманға қызық болатын материалдарыңыз көбейсін. Шығармашылық табыс тілеймін, Baribar.kz Қазақстанның әр азаматы оқитын медиаға айналатынына сенемін!

Мейірім Бақытжанова:

Командаға 2018 жылы қосылдым. Бұл кезде 3-курсты бітірген едім. Мұның алдында ақпарат агенттігінде жұмыс істедім, тек жаңалық жазумен айналыстым, шығармашылық жетіспеді. Baribar.kz осы кемшіліктің орнын толтырып, әртүрлі бағытта көлемді материал жазу мүмкіндігімен қоса, ой еркіндігін сыйлады. Шектеу болмады. Өте ұйымшыл болдық. Журналистикадағы алғашқы тәжірибемнің бірі болғандықтан өте белсенді болуға тырыстым. Бір жерге бару керек немесе біреуден сұхбат алу қажет болғанда алып ұшып тұратынмын.

«Бұрын қандай болды», «Қазір қандай?» деп барлық нәрсені салыстырамыз ғой. Өзіме Baribar.kz ең күшті ұжым болды. Қазір редакцияны қатты сағынамын. Мұны айтып та жүремін. Өйткені мұнда мықты бас редактор мен команда болды. Бұрынғы бас редактор Болатбек Мұхтаровтың әрбір ескертуі мен жанашыр болып ұрысқанын сол кезде дұрыс түсінбесем де, қазір мұндай редактор ауадай керек екеніне көзім жетті. Өйткені мұның бәрі баға жетпес тәжірибе болды деп есептеймін.

Өзім қызмет еткен кездегі сайтты қазіргімен салыстырып көрсем, кәсіби тұрғыдан өскенін байқаймын. Дұрыс жолмен, бағытпен келе жатыр. Өйткені қоғамдағы кейбір проблеманы ашық жазып, көрсетіп жүр деп айта аламын. Baribar-ды болашақта да осы биіктен көргім келеді. 11 жылдық мерейтой құтты болсын! Шығармашылық табыс тілеймін.

Baribar.kz ұжымы
Baribar.kz редакциясы 2019 жылдың қазанында. Фото: Айгүл Хожантаев

Ақжарқын Қыдырханова:

Baribar.kz — аз уақытта ауқымды аудитория жинаған, потенциал жарнама берушілердің сеніміне ие болған сәтті медиа. Сайттың жаңалықтар беті ашылғанда тек екі журналист болып қызмет еттік. Содан бері Baribar.kz үлкен редакцияға айналды. Үлкен жобаларды жүргізді.

Әуел бастан редакция саясаты дұрыс бағыт алды деп есептеймін. Ешқандай негатив, ешқандай «саржағал тақырыптарсыз-ақ» көтерілуді мақсат етті. Білімді, табанды жастарды, олардың еңбегін, ашып жатқан жаңалығын жарнамалады. Соның нәтижесінде көптеген медиаға «хайпсыз» да сайт рейтингін көтеруге болатынын, қазақ аудиториясы деңгейінің, талғамының жоғары екенін дәлелдеді.

Содан да болар қазіргі уақытта көп сайт оның пікірімен санасады, үлгі алады. Baribar.kz болашақта тек дами түседі деп сенемін. Көбірек видеоконтент, подкасттар ұсынады деп ойлаймын. Сапалы контенті таусылмасын, оқырманы көбейе берсін дегім келеді.

Baribar.kz ұжымы 2021 жылдың сәуірінде. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Айгүл Хожантаева:

Адамның сапалы өмірі күнделікті таңдаудан тұрады. Baribar.kz-те тәжірибе жинап, жұмыс істеуді таңдағаным дұрыс шешімімнің бірі деп білемін.

Фотоға түсіру тек кнопканы басу емес. Фото түсіру — ойлану. Сол үшін шығар көбі кәсіби фотограф емес. Дұрыс уақытта, дұрыс жерде болу да қиынның қиыны. Фотограф ретінде түрлі кейіпкер мен локацияда болып елімізді басқа қырынан көп көрдім. Әр кейіпкердің оқиғасы мен олардың істеп жатқан істері өмірге дұрыс призмамен қарауды үйретті. Сол үшін де Baribar.kz-ке рақмет!

Бұрын «мұнай» құнды зат болса, қазір «адамның назары» тым бағалы. Оны медиалар түрлі әдіспен аудиторияны тартуға ұмтылса, Baribar аудиториясы — өз еркімен сапалы контент іздеп, ойлана алатын оқырман.

Baribar.kz-тің алдағы уақытта аты айтып тұрғандай тек медиа саласында емес, адамдардың өмірін оңайлататын басқа да онлайн сервистері пайда болып, дамиды деп ойлаймын. Ұжымға зерттеуден шаршамайтын ізденіс, шығармашылық табыс тілеймін!