Ұлы ғұлама М.Әуезов Жамбылдың ақындық шеберлігін танып, оны сүйіспеншілік лебізімен кеңінен толғаған еді: «Жамбылдың үлгісі мен мектебі алыстан, халықтан, халықтық рухани қазынадан, халық даналығынан басталады. Сондықтан да Жамбылдың атақ-даңқы күллі әлемге әйгілі болды». Кемеңгер классик «Совет ақындарының айтысы» мақаласында Жамбылды «қазақтың халық поэзиясының алыбы» деп бағалай келе, «Революциядан бұрын талай айтыста сан ақынның алдын ораған, топ жарған ақындар: Шашубай, Нұрпейіс, Доскейлер де Жамбылдан өрнек алып, өздерінің суырып салма ақындық өнер қуаттарын халық тілегіне бағыттады», деп ерекшелеп көрсетті. Бұл пайымдауды қазақ әдебиетінің тағы бір классигі Ғабит Мүсірепов өз тұжырымымен толықтырды: «Жәкең қазақ халқынан шыққан жаңа заманның Гомері дейміз. Жәкең шығармалары ғасырдан-ғасырға кетеді. Халық ақындарынан шыққан мұндай алып ақын болған емес. Еш уақытта, ешбір тарихта жүз жасаған ақынның ең соңғы сағатына дейін ақындық қуатының сарқылмағанын ешкім білген емес. Жамбыл – қазақ өлеңіндегі ұлы құбылыс. Оны адам да, заман да, уақыт та мойындаған. Ол жалыны бөлек, жаратылысы өзгеше дарабоз дарын». Ғабит ақсақал бұл пікірін сонау 1945 жылы-ақ «Алып ақын атамыз» деген жүректен тербеген мақаласында айтқан екен.
Қазақ әдебиетінің үлкен жанашыры, хаттарында ілтипатпен «өздеріңнің Ілекең» деп жазатын Леонид Соболев те ғажайып жыр жампозына деген таңданысы мен толғанысын ұлағатты ойларға тоғыстырады: «Жамбыл шын мәнінде әдебиет тарихында болып көрмеген құбылыс. Жамбыл халық шығармашылығын шырқау биікке көтерді. Абай жазба әдебиеттің негізін салды» деп екі тұлғаның өзіндік ерекшелігін сараптап, пайымдады: «Абай мен Жамбыл міне советтік қазақ әдебиеті өзгешелігін сипаттайтын екі символдық атау. Абай мен Жамбыл – қазақ әдебиетінің екі алыбы ретінде, өзінен кейінгі ақын-жазушылардың бәрінің шығармашылығына ықпал еткен тұлға».
Сонау ХV ғасырдан бастау алған ұлан-ғайыр қазақ әдебиеті мұраларын мақтанышпен атай келе, Абай мен Жамбыл шығармашылығының екі ғасырдағы ерекшелігін, мән-маңызын айқындап, саралау, бағалау – игі парызымыз. Біз бұл пайымдау, лебіздерді бекер қайталап отырған жоқпыз. Олай дейтініміз, ұлылардың бірін биіктетіп, екіншісін аласартып, бірін даралап, екіншісін алалап, көреалмастық, қызғаныш пен жершілдік, рушылдық күйінішпен қайдағы бір күл-қоқысты бықсытатындар әр кезеңде де табылады. Тіпті Жамбылды «қолдан жасалған ақын, өлеңдерін Ғали Орманов сияқты хатшылары өңдеп, жазып берген» деген санасыздық сандырақтар естіліп қалады. Мұндай сыңаржақ пікірлерді оқыған, тоқыған, сол заманды көзімен көрген көнекөздер де көсілте соғады. Ол аздай солардың сөздерінің оң, солын ажырата алмаған кейінгі жастар да ескінің күлін бықсытады.
Жамбылдың ақындық дарынына, ерекше суырып салмалық қабілетіне, ұзақ жырларды жатқа айтатын сұңғыла жыршылдығына, қалт еткенді қалжыңымен қағып түсіретін тапқыр әзілқойлығына, әр нәрсенің байыбын аңғарып, байсалды ой толғайтын табиғи танымына шек келтіру мүмкін бе?! Ұлы Мұхтар Әуезовтен артық ешкім айта алмас. Олай болса, Жамбыл ақын жайлы тереңнен толғаған ақиқаттың пайымдауына зер салайық: «Тек шын ақындық қана көңілге қона кететін теңеу, бейнелеумен сөйлейді. Айтқанының, ұқсатқанының дәлдігінен қашып құтыла алмайсың, жалтара алмайсың, тап басады… Біз көріп жүрген ақындарымыздың ішінде дәл осы жөнінде Жамбылдың теңдесі жоқ», деп ақындық дарынының ерекшелігін айқындайды да, сайқымазақта, әжуада, мысқыл қалжыңдағы ақын тапқырлығын даралайды. «Жамбыл суретші болса шарждың, пьеса жазушысы болса комедияның, гротесктің барып тұрған шебері болар еді», деп қабілет-қарымын бағалайды. Жай ғана бағаламайды, дәлелді де дәйекті тұжырым жасайды.
Жамбылдың ақындық талантын дәлелдеу үшін ақын өмір сүрген екі кезеңдегі шығармашылығын салыстыра саралаған ләзім. Алдымен, Қазақ елін патшалық Ресей отарлаған замандағы дүниеге келген өлеңдерін, айтыстарын талдамақпыз.
Жамбылдың суырып салмалық дарындылығы халқымызды ғана емес, көз көрген басқа ұлттарды да таңдандырып, тамсандырып, ерекше әсер шаттығына шарпыған. Соның бір куәсі – соғыс жылдары Қазақстанға келіп, қазақ театр өнерін жандандыруға ерекше үлес қосқан талантты режиссер, танымал өнер қайраткері Н.Сац өзінің М.Әуезов туралы естелігінде Алматыдағы опера және балет театрындағы бүкілхалықтық мерекеге арналған айтыстағы әсерін, Жамбылдың суырып салмалық өнерін сүйсіне сипаттайды.
«Жамбыл шығады» деп жариялаған кезде, залдың дүрлігіп кеткені сондай, егер жадырай күліп, қолдарын сермеп, бөріктерін бұлғап жатқан жұрт болмаса, «жер сілкініп жатыр ма екен» деп те ойлап қалуға болатын еді. Ұлы ақын ол кезде тоқсан бестер шамасында. Аласалау келген, сергек қимылды, қағылез Жамбыл аттан жаңа ғана секіріп түскен кісі сияқтанып ширақ басады және қалың жұрттың қуана құттықтағанын бүйтпегенде қайтеді дегендей сол күйінде қабылдап жүре береді.
«Бис» деген айқай залды сілкіндіріп жіберді: Мен Жамбылдың көптеген өлеңдерін білуші едім, (әрине, аударма арқылы) және оларды әсіресе «Бесік жырын» жақсы көретінмін.
Менің байқауымша, Жамбыл лирик болатын. Ал мына арада, айтыста, ол қаумалап келген халайықты қайтсе де қыран-топан күлдірмек болып, барын салатын, жанын салатын ел ішінің ерке тентегі сияқтанып көрінді. Оның не айтқанын білмеймін, әйтеуір зал ішін күлкі көміп, жұрт мәз болысып, дүркіресіп жатты, әсіресе, еркектер жағының есі кетіп, өзгеше күлісті-ай келіп».
Көз көрген осы бір көріністен-ақ Жамбылдың төкпе жырдың жүйрігі, тапқыр ойдың алғыры, сөздің шебер ұстасы болғандығы тәнті етеді. Жамбылдың суырып салмалық ерекшелігі өз заманында да, кейінгі кеңестік кезеңде де лайықты бағаланды.
Абайдай адамзат алыбы мұраларын зерттеп, қаншама кітап жазған ғұлама Қайым аға да көреген бе деп қаласың. Тоқсан тоғыз толғауын аузына құдай салды ма, ақын 100-не сәл ғана жетпей қалды.
Көрнекті ғалым Қ.Мұхамедханов 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық жолының 75 жылдық тойына ұзақ толғау арнапты.
Бұл толғауды 20-22 мамырдағы Жазушылар одағы пленумында оқыған. Онда:
Домбырасын қолға алып,
Қырандайын қомданып.
Тоқсан тоғыз толғанып
Жырдан жібек есіліп,
Кең даламда көсіліп,
Тасыды, қарт, тасыды, –
деп келетін жыр жолдары ақынның қабілетіне құрмет белгісіндей көрінеді.
Тоқсаннан жасы асқанда,
Жүзге аяқ басқанда,
Жарқын жүзі жадырап,
Күлімдеп күні аспанда –
деген шумақтан дәл болашағын болжап сезгендей көрінеді.
«Ел қаһарын жырлаңдар» атты 1943 жылғы өлеңінде Нұрлыбек, Төлеу, Архам, Тәңірберген, Сапарғали сияқты халық ақындарын ерекшелей келе,
«Маршалдық ту ұстаған
Жамбыл алып,
Сарбазы өңшең саңлақ
соңына ерген»
деп Жамбылды ақындықтың маршалына теңеп, мәртебесін биіктете түседі.
Жамбыл Құдай берген жасын құрметпен лайықты өткерді. Қарттықтың құрсауында қаусап қалмады. Қайраттанып, қуаттанып, домбырасын қолға алып жырын төкті. Оған дәлел тоқсанға келгендегі мына бір жан толғанысы:
Жамбылдың ардақталып бұлбұл сөзі,
Гауһардай нұрын төккен екі көзі.
Тоқсанда қайтып алып
жиырма бесті,
Жасарып қарт бабаның тұрған кезі.
Ақын Тәңірдің өзіне берген дарынын да, құрмет-қадірін де аялап, ардақтай білді. Қазақ халқының атынан сонау Мәскеуде ел басшылары алдында жырымен жұртының жүрегін баурады. Қазақ халқын қорлау мен кемсітудің шовинистік шатпақтары шарықтап тұрғанда жат жұрттың назарын аудартты. Кең-байтақ жері бар халықтың кеңінен жыр толғайтын дарындарға дарқан екендігіне көз жеткізді.
Қазақтың белгілі жазушысы әрі көсемсөз шебері, драматург Қапан Сатыбалдин атақты ақын-жырау өмірінен көз көріп, куә болған жай туралы «Жамбылмен жиырма тоғыз күн» деген очерк жазған. Өкінішке қарай, очерк аяқталмай қалыпты. Сол очеркінде ақынмен сапарлас кезінде жол бойы байқағандарын жазушы қаз-қалпында, еш әсірелеусіз, терең сезіммен, шынайы сүйсініспен білдірген.
«Жәкең екеуміз бір купедеміз. Қазақ өлеңінің қарт атасы Жамбылға қарай берем. Жәкең көбінесе терезеге қарап, жер көріп отырады. Жасы жүзді алқымдап жүрсе де, жай қарамайды, сергек, кейбір қарттар секілді көп қисая бермейді. Қолмен ұстаған әсем таяғын ақырын тықылдатып, ыңылдап өлеңдетіп отырады. Жамбылдың жаратылысынан ақын екені, өлеңсіз өмірі жоқ, күні жоқ екені байқалады, ермегі де өлең екені байқалады. Ағып тұрған өлең. Бір минут өлеңсіз отырмайды. Оны-мұны өлеңдетіп, қолма-қол ұйқастырып отырады. Аузынан өлең кетпейді. Әттең, жасы ұлғайып кеткеніне өкінесің. Әйтпесе, Жамбылдан лириканың жеті атасы шығар еді».
Очерктегі осынау жолдардан қарт ақынның кәрілікке қарамастан, сүйікті өлең-жырына деген ыстық сезімінен айнымағанын аңғарамыз. Жамбылға жырды Жаратқан ием жанының қуаты деп дарытқандай. Ақын жырдан бойына жігер, ойына шуақ алды. Бір минут өлеңсіз отырмауы да осыдан болса керек «Оны-мұны өлеңдетіп, қолма-қол ұйқастыруы да» – еріккеннен ермек ету емес, бұл ақындық машық. Атақты жырау өмір дағдысына өлеңді рухани серік етумен бірге, оны баласындай күтіп аялады. Аузынан өлең кетпеуі де өлеңге, өнерге деген қуатты құштарлығын, іңкәр ілтипатын айқындайды. Жамбылдан лириканың жеті атасы шығар деген мадақтауы да көз көрген шындықтан, ақынның шабытты шағынан алған әсерден туындаған ізгі ойы. Ақиқат сыр өлеңмен өмірін өрнектеген жыр алыбының әрбір сәті – ағындаған поэзия. Бейне қантамырының соғысындай жырмен тыныстаған, жырмен бақытын тапқан Жамбыл бабамыз халық сүйген дара дарын, арқалы ақын ретінде ардақталды.
Жетісудың танымал ақындарының бірі Үмбетәлі Кәрібаев та жасынан талантына куә болған Жамбыл ақынға ұзақ өлең арнаған. Күрең жорғаға мініп алып, тау-қырды шабыттана аралап жүрген ақынның шат көңіл күйін тұлпарының сұлу түр-тұрпатымен, әдемі жүрісімен шендестіре бейнелеген.
Дарынды Жамбыл сен едің,
Өлеңге дарқан кең едің.
Қадіріңді білгенге,
Асқар таумен тең едің.
Айналаңда біз қайық,
Сен бір үлкен кеме едің, –
деп ақынның тұлғасын асқар Алатау биігіне өрлетеді. Өлеңге дарқан, кеңдігі де шабытының жүйріктігін, ойының шалқарлығын, ақындық жүйріктігін ерекшелігін айқындайды.
Ақындар Жамбыл тұлғасын асқар Алатауға теңеп асқақтата жырлады. Кезінде хатшысы болған, ақын інісі Ғ.Орманов та очеркін «Алатау сынды ақсақал» деп таумен астастыра атады. Жамбыл ақын өзінен кейін Кенен, Үмбетәлі тәрізді бір шоғыр дарынды ақындарды баулып өсірді. Өлең өнерінде ақындық-жыршылық мектептің негізін қалап кетті. Сол кездегі халық ақындарының бәрі де Жамбылды аса қадірлеп, ұстазы санады.
Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықов мақаласында соғыс жылдары майданда жүрген кезін еске алып, «Шұғылалы шумақтар» газетке басылатын патриоттық өлеңдерді Жамбыл үлгісімен жазып, солдат мұңын, оның ішкі жан сырын айтуға келгенде Абайды алға ұстаған, соған еліктеген сияқты», деп ағынан жарылады.
Расында да Абайдың классикалық поэзиясы жалпы қазақ әдебиеті көркемдігінің үлкен үлгісі болса, жыр алыбы Жамбылдың халық ауыз әдебиетінің бай дәстүрлерін жинақтаған жыр дастандары да суырыпсалмалық қабілеттің ерекшеліктерімен әдебиетшілерді де, оқырмандарды да қызықтыра тартқаны белгілі.
Жамбылдың даңқы дүрілдеп тұрған кезде көре алмас, қызғаншақ зиялы – сымақтардың оны әртүрлі сылтаумен даттап, айыптауына қарсы тұрған. Ақын-жыраулар туралы зерттеуінен де, жекелеген мақалаларынан да Жамбылдың ерекшеліктерін жарқырата көрсеткен. Жамбыл туралы орыс жазушысы, аудармашысы П.Кузнецов та шығарма жазды. Д.Снегин де романдарында көз көрген жайларды шынайылықпен бейнеледі.
Сырдың жырдағы дара жүйрігі Нартай Бекежановтың жаңадан табылған өлеңі Жамбыл дүниеден қайтқан кезде, қырғыздың қос ақыны Оспанқұл мен Әлімқұл жырмен көңіл айтқанда Мұхтар Әуезов оған жырмен жауап беруін өтінуден туған. Алдымен Кенен мен Үмбетәлі жырмен Жамбылды жоқтаса керек. Бәрін үнсіз байқап отырған Нартай ақын сырнайлата екі ақынның жұбату жырларына өз ниетін білдірген. «Жүректі шемен шер басқан» шақта, Алатау асып, ағайындық бауырмалдығын көрсеткен, «жырымен медет берген» қырғыз халқына, ақындарына ризашылығын жеткізген.
Құрманбек Бекпейіс аузынан жазып алынған бұл жырда халық таланттарының бір-біріне деген сыйластығы, көңіл жарастығы, ақындық өнерді, халықтық дәстүрді құрметтеуі сезілді. Сонымен бірге Нартай ақынның Жамбылдай жақсыны бағалап, ардақтауы, аруағына тағзым танытуы азалы жырдан аңғарылады.
Қасиетті еді қара нар,
Көшіңді еркін бастаған.
Асқартау еді айбынды,
Асулап әркім аспаған.
Ғажайып мына заманның,
Жүйрігі еді баптаған.
Абдырап қалды қалың елі,
Жақұтын жырдың жаттаған.
Қазалы болдық, қайтейік,
Келмеске кетіп қарт бабам.
Ақын Жамбылды қазақ жырының көшін еркін бастаған қара нарға теңеген. Асулап әркім аспаған, айбынды асқартау деп атақ-абыройын Алатаудан аспандатып асырады. Ғажайып заманда халқы баптаған жыр жүйрігіне балайды. Ақынынан айырылған қалың елдің қайғыдан абдырап қалғанын уайымдайды. Ақынды ақыннан артық бағалау қиын. Ақын аузынан шыққан шынайы лебізі, тәтті тілекке не жетсін! Нартай ақынның Жамбылдың поэзиясын бір ғана «Жақұтын жырдың жаттаған» деп мадақтауы халық таланттарының бір-біріне деген ыстық ықыласын, ағалы-інідей сыйластық сүйіспеншілігін сездіртеді.
«Болашақ күнді болжаған, көреген еді кемеңгер» деген Нартай ақынның кең көңілінен ұшқан тілеулестік бағалаулар керемет-ақ. Ел қамы үшін елеңдер көсемге теңеуі де тосын әрі таңдай қақтырады. Неге дейсіз бе? Әдетте ақындарымыз көреген күн көсем деп социализм заманында Ленинді жырлап дәріптеді. Небір мықты, әдемі де тапқыр теңеулерді пролетариаттың ұлы көсемінің келбетіне теліп, түйдектете жыр төкті. Нартай ақын осындай керемет халықтық бейнелеу үлгілерін Жамбылдың болмыс-бітіміне арнады. Кезінде өлең жарияланған күнде де ақынның маңдайынан сипамас еді. Екі ғасырды өткерген ұлы дарынның зор атақ-абыройға кенеліп, халықтың құрмет-сыйына бөленгенін, елінің мерей-мақтанышына айналғанын қастерлеп еске алады. Ұлы Абай бойындағы әулиелік, болжампаздық қасиеттерімен көрінсе, Жамбыл да бұл ерекшеліктен кенде емес. Ел арасындағы әңгімелерде көрегендігі, көріпкелдігі де айтылады.
Сырдың жыр саңлағы Нартай Жамбылды заманындағы ақындық көштің көреген көсемі, көшбасшысы, ұстазы ретінде дәріптейді. Әрине, жоқтау, жұбату жырының мазмұны елде қадір-құрметке кенелген танымал тұлғалардың аруағын ардақтауға құрылады. Жырда шалқар шабыттан төгілген, шынайы жүректен шыққан бағалаулар мол. Нартай ақын жырлағанда жанында болған Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев сияқты таланттар тамсана тыңдап, ризалық ниетін білдірген.
«Мұны естіген Мұқаң бастаған қазақ зиялыларының үстінен ауыр жүк түскендей болады. Бауырлас екі елдің азаматтары қайта көрісіп, Нартайға риза болған. Әуезов «Келші, нарым, нағыз ел үшін жаралған жан екенсің», деген екен», деп қорытындылайды автор. Әлбетте, ағайын елдің ақындары алдында Жамбылдай ұлы дарынның абыройын асырып, аруағын ардақтаған, ақ жүрегінен алқалап асыл жырын ақтарған Нартай Бекежанұлы да текті талант екенін танытқан.
Абайға да, Шоқанға да жасалған қиянат-қорлық, көреалмастық Жамбылды да айналып өтпеді. Есімі Одаққа таныла бастаған шақта қызғаныш қоламтасын қоздатқан рушыл есерсоқтар, сонау Мәскеуге, Кремльге хат жазып, мұндай ақын жоқ деп көкісе керек. Оған Л.Соболевтей қазақ әдебиетінің білгірін жібергенде, ақынмен кездесіп, әңгімелесіп, өлеңін тыңдап, сүйсінген жазушы қайтарында толқып тебірене көкейдегі ойын маздатыпты.
«Бізге импровизациялық өнер өткеннің романтикасы тәрізді ғой. Менің жеке басым «Сирано де Бержеракты» сахнадан он рет көруге әзірмін… Бірақ қазір де сондайлар бар деушілерге, өмір бойы өлеңмен, өлең болғанда қандай, классикалық өлеңмен сөйлейтін адам болады дегенге сенбеген болар едім. Ал Жамбыл «Манасты» он жеті күн, «Көрұғылыны» он бес күн айта алады, барлық қазақ эпосын, өзіне дейінгі ақындар айтысын жатқа біледі, бір басында миллионнан астам ұйқас бар дегенге енді сенбеске шарам жоқ. Жамбыл түсінде де өлең шығаратын болу керек, бұл ғажап екен! Мен үшін күнде Жамбыл университетінен өттім».
Міне осылай Жамбылды жоқтан бар жасағандай, жасанды бейнеде көрсеткісі келген кесірлі күл шашқыштардың шатпағы батпаққа батқан. Ең бастысы Леонид Соболевтің ақынның суырып салмалық дарындылығына әрі көптеген қисса-дастандарды, эпикалық мұраларды жатқа білетін сұңғылалығына мәнерлеп, келтіре жырлайтын жыршылдығына, ол аз десеңіз әңгімешілдігін, айтқыштығын, көңілі көлдей шалқығанда әзіл-қалжыңмен айналасын қыран топан күлкіге, думанға бөлейтін сан қырлы ерекшеліктің бір бойында тоғысқанына көзі де жеткен, көңілі де сенген.
Ақиқат қашанда адалдық жолында жарқырайды. Жамбыл ақынға бұдан кейін де, күні бүгінде алғыр ақындығына, ғаламат адамгершілік болмысына көлеңке түсіріп, неше түрлі құйтырқы қиянатпен қорлағысы келетіндер де бар. Бірақ ондайлар Жамбылды жан-жақты оқып, білмек түгіл, жауыз пиғылдылардың жымысқы жолын жалғағысы келеді. Жасампаз жыр жампозының жарқын тұлғасы, есімі жүрегінде жатталған елі барда ешқашан қорланбайды, аласармайды. Абаймен қатар домбыраның қос ішегіндей ұлттық поэзиямыздың екі ғасырдағы асыл алыптары, ұлы есімдері халық жүрегінде асқақ ардақтала береді.
Әнуар Тарақов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы