Айсауле, қазір шетелде оқып жатырсың. Айару екеуің қаншалықты жиі хабарласып тұрасыңдар?
Айсауле: − Әдетте біз вотсап арқылы сөйлесеміз.
Айару: − Күн сайын.
Жай хал-жағдай сұрасу үшін бе әлде белгілі бір себептермен бе?
Айару: − Жай хабарласа беремін.
Екеулеріңнің жас айырмашылықтарың сегіз жыл. Екеуің қандай қарым-қатынастасыңдар?
Айсауле: − Өте жақын қарым-қатынастамыз. Кейде құрбыларымның, достарымның өз бауырларымен ара-қатынасына қарап бізді, тіпті, үлгілі апалы-сіңлілер деп айтуға болатын шығар деген ойға қаламын. Мүмкін, өзіңіз айтып өткендей жас айырмашылығымыз үлкен болғандықтан да Айару екеуміз қандай да бір себептермен дауласып не ұрыспаймыз. Бірақ онымен ұрсуым ақымақтық болар еді. Мен жиырмаға келіп қалдым, бойжеткен қызбын, ал ол бар болғаны он екі жаста.
Ал сен кішірек кезде түсініспей қалған кездерің болып па еді?
Айсауле: − Жоқ. Айару біздің еркетотайымыз. Барлығының назары үнемі Айаруда. Шыны керек, тіпті, Айаруға тәуелді секілдіміз. Дегенмен де, үлкен әпкесі ретінде ол менің сөзімді екі етпейді. Мен бірдеңе айтсам, маған қарсы келіп, жанжал шығармайды. Сондықтан үйдің үлкені ретінде беделім бар. Екеуміз апалы-сіңлілі ғана емес, жақын құрбыдаймыз. Ол маған тіпті қандай ұлдарды ұнататынын айтып отырады.
Айару, сенің жігітің бар ма?
Айару: − Жоқ, тек ұл достарым бар.
Айсауле: − Оның жасы небәрі он екіде. Жігітке әлі ерте.
Айару, сен бар сырыңды Айсаулеге айтып отырасың ба? Әлде тек құрбыларыңмен ғана бөлісетін дүниелерің бар ма?
Айару: − Бар сырымды айтпаймын. Негізі үйдегілер көп нәрсені білмейді.
Ал күмәнсіз сенетін құрбың бар ба?
Айару: − Жақын алты құрбым бар. Олар менің мектептегі достарым.
Айару, Айсауле қандай әпке? Қатал ма?
Айару: − Жоқ, қатал емес, бірақ мені асыра еркелетеді дей алмаймын.
Екеулеріңнің ара-қатынастарың саған ұнай ма? Құрбыларыңмен, олардың аға-әпкелеремін Айсаулені салыстырасың ба?
Айару: − Жоқ, салыстырып қайтемін? Айсауле – мейірімді және жақсы әпке. Әрі кек сақтамайды. Мүмкін екеуміз екі түрлі болғандықтан да дос шығармыз. Мен ол сияқты емеспін.
Айсауле, Айарудың сәби кезі есіңде ме?
Айсауле: − Иә, әрине есімде. Айаруды үйге алып келген кезде мен бірінші сыныпта оқитынмын. Жасым болса жетіде. Алғашқыда «сіңлімнің болғаны қандай жақсы, енді өміріміз көңілді болатын шығар» деп ойладым. Өмірімізге өзгеріс алып келеді деп күттім. Бірақ олай болған жоқ. Сәби үндемейді және ұйықтай беретін болып шықты. Күндердің күнінде ата-анамның маған онша назар аудармай жүргендерін байқап, тығылып қалатынды шығардым. Мені іздесін дейтінмін. Әбден жалыққан болуы керек, бір күні олар мені іздемей қойды. Содан дипрессияға түсіп кеттім. Тіпті, бір күні киімдерімді жинап: «үйден кетемін, балалар үйіне барамын» ˗ дедім. Көшеге шығып: «мені милиция алып кетпейінше орнымнан қозғалмаймын» ˗ деп жанжал шығардым. Бірақ оның бәрі артта қалды. Уақыт өте келе есейіп, бәрін де түсіндім. Айару да өсіп қалды. Мен күткен көңілді күй келіп жетті.
Айару: − Мен көп ұйықтамай, жүріп, сөйлей бастағанда саған қызық болды ма?
Айсауле: − Иә, үйдің ішінде жүгіріп жүретінсің. Заттарды шашып тастайтынсың.
Сен оның артынан жинаушы ма едің?
Айсауле: − Жоқ, өзім де баламын. Небәрі он жастамын. Ал Айарудың күтушісі пайда болған кезде ол бір жасқа да толмаған еді.
Айару өмірге келгеннен кейін өмірің өзгерді ме?
Айсауле: − Өзгергені соншалық, қазір мен Айарусыз өмірімді елестете алмаймын. Жалпы туған бауырдың не екенін сезінгенім үшін бақыттымын. Отбасында жалғыз бала болуды қаламас едім. Кез келген жағдайда қолдау көрсететін адамым бар. Ол дүниеге келген күннен бастап ата-анам: «Дүниедегі ең жақын адамың осы болады», — дегенді құлағыма құйып келді. Шын мәнінде де солай болып шықты. Анам отбасында үш қыздың бірі. Есімді білгелі бері анамның әпкелерімен өзара тату болғанына куә болдым. Осы ретте анамнан үлгі алуға тырысып жүрмін. Қазір сіңлімнің өсіп қалғанын байқаймын. Өзі маған жетіп те қалды. Бір жолы жаңадан джинсы мен футболка сатып алдым. Ертеңіне қарасам, Айару менің жаңа киімдерімді киіп, серуендеуге шығып барады екен. Айарудың есейіп қалғанын сол сәтте сездім.
Киім өлшемдерің бірдей ме?
Айсауле: − Шамалас.
Қарап отырсам, екеуің мүлдем екі түрлісіңдер. Жалпы екеуіңді біріктеретін ортақ қалауларың немесе ұнататын істерің бар ма?
Айсауле: − Ортақ қызығушылық дегіңіз келіп отыр ғой? Олай айта алмас едім. Бірақ ештеңеге қарамастан, екеуміздің арамыз тым жақын. Кіші болғанына қарамастан, кейде Айару маған кеңес беріп отырады. Жалпы жыл өткен сайын екеумізге ортақ дүниелер көбейіп келеді. Не дегенмен, екеуміз де қыз баламыз.
Ал сен оның сабағына көмектесіп тұрасың ба?
Айсауле: − Иә. Соңғы уақытта ол маған жиі хабарласып, көмек сұрап жүр. Оған бір себеп Айару қазір ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепке барады. Шетелде оқитынымды білесіздер. Оқуға түскен соң, алғашқы екі айда мен дәрістерде ештеңе түсінбей отыратынмын. Ал мұнда өз сыныбымда ағылшын тілінен ең үздік оқушы мен болатынмын. Әрі бес жасымнан бастап, яғни бала-бақшадан бастап ағылшын тілін оқығаным бар. Соған қарамастан шетелде қиналдым. Мен білмейтін нәрсе көп екен. Соны көрген соң анама: «Болашақта Айаруды шетелде оқытқыларыңыз келсе, қазірден бастап ағылшын сыныбына беріңіздер. Ана тілін жетік меңгерді. Енді ағылшынды оқысын», — деген едім. Ата-анам да қолдады, Айару да қарсы болған жоқ. Сөйтіп ол мектебін ауыстырды. Ағылшын сыныбында оқыса да қазақ тілінен тек бестік баға алады. Музыкамен де айналысып жүр.
Айсауле өзге елге оқуға кетті, ұзақ уақыт бойы ол үйде болған жоқ. Мұны қалай қабылдадың, Айару?
Айару: − Ішім пысты, аздап жалғызсырағандай болдым.
Сағынған кездерің болды ма?
Айару: − Соңына қарай сағындым. Айсауле келген соң үйде көңілдірек болып қалды, бөлмемде де жалғыз жатпайтын болдым.
Екеуің бір бөлмеде тұрасыңдар ма?
Айсауле: − Иә. Жазда біз қаланың сыртындағы екінші үйімізге көшеміз. Ол үйде әркімнің өз бөлмесі бар. Ал мұнда Айару екеуміз бір бөлмеде жатамыз. Бірақ мен үйде көп уақыт болмағандықтан, ол бөлменің толықтай иесі Айару болып кетті. Бөлмеге кіріп келсем бәрі өзгеріп кетіпті. Айару қабырғаға «Жаңа жыл», ал оның астына «Бірақ желтоқсандағы ең маңызды мереке – менің туған күнім» деп жазып қойыпты. Сөрелерді ашсам, менің киімдерім ығыстырылған. Көп киімдерімді Айару «иемденіп» алыпты. Соның бәрін көріп: «Мені үйден мүлдем шығарып жібергенсіңдер ме?» ˗ деп күлдім.
Айсауле келген кезде сен не дедің?
Айару: − Бірінші кезекте сыйлықтарымды сұрадым. Бірақ оның келгеніне қатты қуандым.
Айару, сенің шебер аспаз екеніңді білеміз. Айсауленің келуінің құрметіне арнап тағам әзірледің бе?
Айару: − Иә, шоколадты торт жасадым.
Айсауле, Баян ханым сұхбаттарында Айарудың ерекше қыз екенін, жарты сағаттап құшақтасқанды ұнататынын атап өткен еді…
Айсауле: − Иә, Айару мен ата-анам ерекше байланыста.
Ал сен ше?
Айсауле: − Мен табиғатымнан ондай емеспін. Яғни, ата-анаммен ұзақ уақыт құшақтасып отыра алмаймын. Таңертең және ұйықтар алдында беттерінен сүйемін, әрине. Айарудың мінезі өте ерекше. Оның кез келген дүниеге қатысты өзіндік көзқарасы, пікірі бар. Менің мінезім жұмсақтау. Ал Айару дүниеге келген сәтінен бастап өзіне қарата алатын, пікіріне құлақ түргізе алатын біздің отбасымыздың құрметті мүшесі болды. Әлі де солай. Тағы бір атап өтетін ерекшелік, Айаруды ренжітудің қажеті жоқ. Себебі ренжіп қалса, екі-үш күндеп сөйлеспейтін әдеті бар. Ал мен ондай емеспін.
Айару: − Тоғыз айға дейін сөйлеспеген кезім болған. Бұл менің жеке рекордым.
Тоғыз ай бойы кіммен сөйлеспедің?
Айару: − Арлан ағаммен.
Ал Айсауле саған ұрысады ма?
Айару: − Күн сайын. Көбінесе бір айтқаннан орнымнан тұрмағаным үшін сөз естимін.
Таңертең бе?
Айсауле: −Көбінесе кешкі уақытта. «Айару» деп бірнеше рет айтпағанша құлақ аспайды. Ақырында ұрсуға тура келеді.
Бірге ойнаған кездерің болып па еді?
Айсауле: − Енді ол да, мен де бала болдық. Талай қызықты күндерді артта қалдырдық. Екеуміз ваннаға бірге түсетінбіз. Бірақ қуыршақ ойнадық деп айта алмаймын. Жалпы Айару ойыншыққа құмар бала болған жоқ. Меніңше, ол өте жылдам есейіп кетті. Мүмкін өзінен үлкен әпкесі бар болғандықтан шығар. Анам үнемі солай дейді.
Айару қазір мектеп оқушысы. Оның өмірінде мектеп, ондағы достары маңызды орын алады. Ол менен: «Менің құрбым осылай жасады. Әрі қарай достығымызды жалғастыру қажет пе? Сен қалай ойлайсың?» деген сынды кеңестерді жиі сұрап отырады. Ал менің өміріме келсек, Айару бәрінен хабардар. Сол себепті оның пікір айтуы мен үшін қалыпты нәрсе. Туған сіңліңнің бар болуының кереметтілігі де оның шынайылығында. Ол саған ешқашан жаманшылық тілемейді, сен оған бар сырыңды ақтара аласың және сатқындықтан қорықпайсың.
Ал Айарудың ерте жастан опа-далапқа қызығуына қалай қарайсың?
Айсауле: − Иә, ерін далабын ол бала кезден ұнатады. Оның еш әбестігі жоқ деп ойлаймын. Осыған қатысты көптеген адамдардың тарапынан жағымсыз пікірлер жиі айтылады. Бірақ қыздардың бәрі сондай ғой. Мен де бала кезімде әжемнің биік өкшелі аяқ киімдерін киіп, сәнді орамалдарын жамылып алатынмын. Бастысы, мектепке боянып бармайды. Үйде тек ернін бояп алатыны рас.
Болашақта Айару аспаз болғысы келеді. Осыған қатысты сенің көзқарасыңды білсек… Жалпы тағам әзірлеуге деген құмарлық оған кімнен дарыды?
Айсауле: − Анамнан да, менен де емес екені анық. Негізі бұл таңғаларлық жағдай. Шын мәнінде Айарудың аспазшылыққа деген құмарлығы қайдан келгенін білмеймін. Мүмкін мына бір оқиғаның септігі тиген шығар. Жалпы мен үйде тағам әзірлемейтінмін. Бір күні «зебра» пирогын дайындадым. Кейін Айару екеуміз пісірдік. Қолымнан келмеген соң бұл қызығушылығымнан бас тарттым. Ал Айару осы іске білек сыбана кірісіп кетті.
Айару: − Мені бәрі жақсы көреді. Сондықтан да алғашқыда әзірлеген тәттілерім дәмді болмаса да мақтау сөздер еститінмін.
Айсауле: − Иә, алғашқыда солай болатын. Ал кейіннен ол тәттілерді шебер әзірлейтін болды. Оның қалауына құрметпен қараймын. Және жастайынан өзінің сүйікті ісін тапқанына қуанамын. Болашақта Францияда аспазшы оқуын оқығысы келеді. Тіпті, сол үшін француз тілін оқып жүрген жайы бар. Айару ағылшын сыныбында оқиды, музыкамен, бимен айналысады, одан бөлек француз тілін меңгеріп жүр, аспазшылығы тағы бар. Әр күні бос өтпейді. Сол үшін де өте қуанамын. Жалпы ата-анама жан-жақты болып өскенім үшін алғысым шексіз. Анам үнемі: «Мүмкін сен әлемдегі ең сұлу қыз емес шығарсың. Бірақ ең ақылды қыз бол» дегенді айтудан жалыққан емес. Ата-ана өз баласының жан-жақты болып өсуі үшін барын салуы тиіс деп есептеймін.
Ал сен немен айналысасың?
Айсауле: − Алматыда жүргенде мен де биге қатыстым. Алты жыл бойы вокалмен айналыстым. Ағылшын тілін оқыдым. Француз тілін оқуға үш жылым кетті. Бірақ сәтсіз. Ал шетелде әзірге мүмкіндігім болған жоқ. Дубайдан Америкаға ауыстым. Онда тек бір семестр оқығандықтан, әлі үлгермедім. Бірақ жоспарда бар.
Қандай істі бірге жасағанды ұнатасыңдар?
Айсауле: − Бірге шай ішкенді жақсы көреміз.
Кім әзірлейді?
Айсауле: − Көбінесе Айару. Біз әжем, анам, Айару төртеуміз жиналып, шай ішіп, әңгімелескенді ұнатамыз. Бұл үрдісіміз кейде таң атқанға дейін созылып кетеді. Жырақта жүрген сәттен бастап мен отбасымен бірге өткізетін әр сәтті бағалауды үйрендім. Отбасы – ол сенің барың. Бір кездері бос уақытымды отбасыммен өткізгенше достарыммен қыдырып кетуді жөн санайтынмын. Бірақ ол барлық адамда болатын өтпелі кезең деп ойлаймын.
Айару, киім таңдауға саған кім көмектеседі? Айсауленің стилі саған ұнайды ма?
Айару: − Ұнайды. Егер ұнамаса, мен оның киімдерін кимес едім.
Айсауле: − Бір жаққа шықпас бұрын мен киген киімімді міндетті түрде Айаруға көрсетемін. Өз ойын айтып отырады, мен де оның кеңесіне құлақ асамын.
Бала кездеріңнен қызықты оқиға айтып беріңдерші?
Айсауле: − Бір күні екеуміз бірге ваннаға түстік. Айару ол кезде барлық сөздерді айта алмайтын. Бір сәтте ол өзінен-өзі жылай бастады. Біз оның не қалап тұрғанын түсінбедік. «Па-па» — дей берді. Сөйтсек «Pantene» сусабынын сұрап отыр екен.
Дегенмен де сен үшін Айару әлі де бала сияқты?
Айсауле: − Әрине, меніңше, солай болып қала береді де.
Айару, ал сен әпкеңнің «Инстаграм» парақшасын бақылап отырасың ба?
Айару: − Иә. Бірақ бәрін оқымаймын. Тек отбасымызға қатысты жарияланымдарды қараймын.
Айсауле: − Айару мен үшін үймен арадағы байланыс секілді. Күнделікті әңгімемізден бөлек, ол үйде не болып жатқанын, бәрін маған айтып отырады.
Ал аналарыңның немесе әжелеріңнің туған күні болса, сыйлық алу мәселесі бойынша ақылдасасыңдар ма?
Айару: − Біз жыл сайын анамның туған күнін шетелде атап өтеміз.
Айсауле: − Иә. Бірақ мүмкіндігінше сыйлықты Қазақстаннан алуға тырысамыз. Немесе тәтті тағам әзірлейміз. Нақты мысал келтірсем, Айару біз тұрақтаған қонақүйдің мейрамханасына барып, асханасында торт әзірледі. Бұл орайда әкемнің қосқан үлесі зор деп ойлаймын. Мен бала кезімнен отбасымның барлық мүшелеріне сыйлық жасайтынмын. Айару да дәл солай. Әкем бізді солай үйретті, солай тәрбиеледі. Қатарластарым: «Сыйлық алып қайтемін? Мен жұмыс істемеймін ғой», — дегенді көп айтады. Алайда біздің отбасымызда бәрі өзгеше. Әкем әр мейрамның алдында туыстарымызға сыйлық алу үшін ақша беретін. Ол біздің үйдің дәстүрі десе де болады.
Әдетте сыйлыққа не аласыңдар?
Айару: − Өзіме ˗ далап. Айсаулеге анам екеуміз киім-кешек немесе басқа да заттар сыйлаймыз.
Айсауле: − Мен әртүрлі сыйлықтар таңдауға тырысамын. Бұл жылы Айаруға сөмке алып келдім. Себебі бір сөзінде ол: «Туған күніме әкемнен қандай сөмке алып беруін сұрайтынымды білмей отырмын» ˗ деген еді. Ақырында әкем де, мен де Айаруға сөмке сыйладық.
Айсауле: − Біз анам, Айару үшеуміз заттарымызды ауыстырып ұстай береміз. Бүгін ғана анам: «Менде өзіме ғана тиесілі аяқ киім бар ма өзі?» ˗ деп күлген еді.
Айаруға ертегі оқып берген кезің болды ма?
Айсауле: − Жоқ. Жалпы қазіргі балалардың ертегі тыңдайтынына күмәнмен қараймын. Заманның дамып кеткені соншалық, қазіргі балалардың қызығушылықтары басқа.
Айару, саған Айсауленің жігіті ұнайды ма?
Айару: − Иә.
Сен онымен таныссың ба?
Айару: − Иә, таныспын. Оны тек мен емес, анам да, жалпы бүкіл отбасымыз таниды.
Айаруды мектепке алып барған кезің болды ма?
Айсауле: − Иә. Бірінші сыныпқа Айаруды, онымен қоса әжем мен інімді ертіп барғанмын. Кейде өзі де басқаның емес, мектептен менің алып кеткенімді қалайды. Жаңа мектепке ауысқан кезде де, білім күніне менің қатысқанымды қалады. Өкінішке қарай, менің оқуым сәл ертерек басталып кетті де, шетелге ұшып кеттім. Бала-бақшаға барып жүрген кезінде таңертеңгіліктеріне де қатысатынмын.
Туған күндеріңде бір-бірлеріңе тілек айтасыңдар ма?
Айсауле: − Иә. Бір-бірімізді жақсы көретінімізді айтып, жылы тілектерімізді айтамыз.
Айару, әпкеңнің таңдаған мамандығы саған ұнайды ма?
Айару: − Мен оның сауаттылығына, жазуына тамсанамын. Мен оны мақтан тұтамын. Жалпы Айсаулені де, бүкіл отбасымды да сыныптастарым біледі.
Сіңліңнің жөргегін ауыстырып немесе ботқа пісіріп па едің?
Айсауле: − Жоқ. Ондай болған емес. Бірақ мұны жаман немесе жақсы демеймін. Жалпы «әйел ас әзірлеуі керек» немесе «үй шаруасымен айналысуы тиіс» деген сынды стереотиптер біздің отбасымызға тән емес. Басқаларға ұқсамаса, оны жаман не дұрыс емес деу артық болар. Айару екеуміздің де бауыр ретіндегі қарым-қатынасымыз басқалардікіне ұқсас емес. Иә, мен оның жөргегін ауыстырған емеспін, онымен бірге қуыршақ та ойнаған емеспін. Бірақ соған қарамастан, екеуміздің арамызда ешқандай сыр жоқ, ол маған сенеді, мен оған сенемін. Қатып қалған стереотиптерден қарағанда осы маңыздырақ деп ойлаймын. Шын мәнінде, апалы-сіңлілер бір-бірін қолдап, жақсы көріп, құрметтеуі тиіс. Ең бастысы — осы.
Сендер бірге тұрғанды қалайсыңдар ма әлде бөлек пе?
Айсауле: − Жоғарыда айтып өткенімдей, біз аса қатты ұрыспаймыз. Дөрекі сөз айту немесе затқа таласу сынды дүниелер бізге жат. Біз барлық дүниені ортақ санаймыз, ештеңені бөлмейміз. Тіпті екі бөлек бөлмеміз бола тұра екеуміздің бірге ұйықтаған кездеріміз болды.
Сұхбаттасқан Ай-Керім Самалбекқызы
Фотограф: Георгий Чумаков