Алматыда атыстан қаза тапқан бесінші адамның жеке басы анықталды

Алматыда өткен брифинг барысында қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов «Ақбұлақ» шағынауданындағы жеке үйде жасалған қылмысқа қатысты екі іс қозғалғанын хабарлады.

Қанат Таймерденовтің айтуынша, тергеу органдары ұсталған ер адамнан жауап алып жатыр.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Кісі өлтіру» және 380-бабы «Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану» бойынша екі қылмыстық іс енгізілді. Болған оқиғаны тергеу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», − деді полиция бастығы.

Сонымен бірге Қанат Таймерденов үйдің жаңа иесінен басқа, азаматтық тұлғалар арасында тағы бір қаза тапқан адам оның танысы болғанын мәлім етті.

Ол сол жерде қылмыс жасаған кезде куәгер ретінде болған, − деді полиция бастығы Қанат Таймерденов.

Еске сала кетейік, 20 қыркүйекте сағат 17:00 шамасында Алатау ауданында сот қаулысының орындалуы кезінде ер адам 5 азаматты, оның ішінде 2 полиция қызметкері мен сот орындаушысын және үйдің жаңа иесін атып өлтірген. Енді күдікті 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады.