Асқар Мамин Алматы облысына жұмыс сапарымен барды

Іле ауданының «Береке» индустриялық аймағында үкімет басшысы FRUIT ART жауапкершілігі шектеулі серіктестігі экспорттық жеміс-жидек кластерінің инфрақұрылымын салуды бастап берді.

Кәсіпорынға газ ортасы реттелетін, 15 мың тонна өнім сыятын жеміс сақтау қоймасы, тәулігіне 200 тонна шикізатты қайта өңдеу қуаты бар жемістер мен жидектерді сублимациялық кептіру зауыты, сондай-ақ 9 га алаңда жылына 1800 тонна құлпынай және 900 тонна салатты жыл бойы өсіретін жылыжай кешені кіреді. Бірінші кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі 34 миллиард теңге, оны 2022 жылы пайдалануға беру көзделген. Өнімді өндіру және қайта өңдеу Еуроодақ және АҚШ елдерінің инновациялық технологиялары бойынша жүзеге асырылатын болады. 500 тұрақты және 7 500 маусымдық жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыру елдің импортқа тәуелділігін алма бойынша 5%, жидектер бойынша 100% төмендетуге жол ашады. Ішкі нарыққа жеткізумен қатар, кәсіпорын өнімдері шетелге, оның ішінде Еуропалық Одақ елдеріне экспортталатын болады.

Қапшағайда үкімет басшысы теңіз балығын өсіретін «Оспанова Девелопмент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балық өнеркәсібі кешенін салу жобасының іске асырылу барысын тексерді. Жобалық қуаты жылына 10 мың тоннаға дейін балықты құрайды. Жобаның құны – 67,3 миллиард теңге, бірінші кезеңді іске асыру мерзімі – 2022 жыл.

Премьер-министрге Алматы облысында 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған қант саласын дамыту жоспарлары туралы баяндалды. Суармалы жерлерді кеңейту есебінен қант қызылшасының егіс алаңдары 3,3 есе 53 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Су үнемдеу технологияларын қолдану жалпы өнім жинау өсімін 3,6 есе 2 миллион тоннаға дейін қамтамасыз етеді.

Алматы облысы, Асқар Мамин
Фото: Primeministr.kz

Үкімет басшысына жалпы халық саны 220 мың адамды құрайтын Алматының төрт серіктес қаласы құрылысының жобасы — G4 City таныстырылды. Бірінші кезеңде 2 370 гектар аумақта жобалық халық саны 60 мың адамды құрайтын 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үймен Gate City салынады.

Панфилов ауданында премьер-министр Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктінде болып, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнаулы экономикалық аймақтағы көлік және логистикалық инфрақұрылымының дамуымен, Құрғақ порт операторының қызметімен, «Қазпошта» акционерлік қоғамы бонд қоймасының жұмысымен, сондай-ақ арнаулы экономикалық аймақтақтың перспективалық инвестициялық жобаларымен танысты.

Алматы облысы, Асқар Мамин
Фото: Primeministr.kz

Асқар Мамин қуаты жылына 60 мың тонна жем-шөпті құрайтын SSA Feed Mills құрама жем зауытының өндірістік желісінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жоба құны – 4,7 миллиард теңге. Өнімнің 55%-і ішкі нарыққа бағытталады, 45%-і шетелге экспортталатын болады.

Қарасай ауданының Абай ауылында премьер-министр иммунобиологиялық препараттар шығаратын «Антиген» ғылыми-өндірістік кешен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасымен танысты. Сондай-ақ кәсіпорын алаңында айына QazVac вакцинасының 1 миллион дозасына дейін құю бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес келетін желі ұйымдастырылған.

Алматы облысы, Асқар Мамин
Фото: Primeministr.kz

«Көлсай көлдері» және «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерін аралау барысында премьер-министрге Алматы облысында туризмді дамыту шаралары туралы баяндалды.

Алматы облысы, Асқар Мамин
Фото: Primeministr.kz

Биылғы жылдың 8 айында Алматы облысының экономикасының барлық негізгі салалары бойынша өсім, оның ішінде өнеркәсіпте – 13,8%, ауыл шаруашылығында – 1,1% өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6% артты. 663,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірге 369,9 миллиард теңге инвестиция тартылды (+2,3%).

Жұмыс сапарына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов және т. б. қатысты.